00:13 22 Сәуір 2021
Тікелей эфир
  • USD432.01
  • EUR518.67
  • RUB5.61
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
COVID-ке қарсы вакцина (164)
142 0 0

Ресейлік және отандық вакцинаның айырмашылығы неде, вакцина қалай егіледі, оның тиімділігі қандай - осы және өзге де сұрақтардың жауабын Sputnik материалынан оқи аласыз

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Қазақстанда бірінші ақпаннан коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды. Әзірше, ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіліп жатыр. Ал сәуір айында "QazCovid-in" атты отандық вакцинасы дайын болады. Қазіргі кезде халық арасында, тіпті, медицина қызметкерлері ішінде коронавирусқа екпе салуға асықпай отырған адамдар бар. Біреулер "вакцинацияның нәтижесін байқап көремін" десе, енді біреулер отандық екпенің шыққанын күтіп отыр. Sputnik Қазақстан вакциналауға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын зерделеп көрді.

Ресейлік және отандық вакцинаның айырмашылығы неде?

"QazCovid-in" екпесі инактивті вакцинаға жатады. Оның құрамындағы компоненттерді ондаған жыл бойы ғылыми тұрғыда пайдаланып келеді. Басқа вакциналарды әзірлеу үшін де қолданған. Сол себепті халықтың басым көпшілігі отандық вакцинадағы компоненттерді өзге екпелер арқылы бұған дейін де қабылдады. QazCovid-in препаратына қосылған жалғыз ғана жаңа компонент бар. Ол  – белсенді емес вирус.

Вакцинация населения против коронавируса в Казахстане
© Sputnik / Тимур Батыршин
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау жүргізіліп жатыр

Ал ресейлік "Спутник V" екпесі "векторлық вакцинаға" жатады. Ондайда басқа бір вирустың негізінде аденовирустар жасалады да, оның инфекция тудыратын генетикалық материалын алып тастайды. Сосын оған  COVID-19 тікенегінен шыққан ақуызды қоды бар материал салынады. Оны адам ағзасына енгізгенде иммундық жүйеде антиденелер бөліне бастайды. Осылайша, вакцина инфекциядан қорғайды.

Вакциналарды қай мекеменің ғалымдары жасап шығарды?

Қазақстандық "QazCovid-in" вакцинасы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылым-зерттеу институтында жасалды. Ол білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарайды. Ал ресейлік "Спутник V" Ресейдің Николай Гамалея атындағы эпидемиология мен микробиология ұлттық зерттеу орталығында шығарылды.    

Вакцина қалай егіледі?

QazCovid-in де, Спутник V де екі рет салынады. Алдымен бірінші компонентін, ал үш аптадан кейін екінші компонентін егеді. Онсыз екпенің тиімділігі болмайды. Алайда әрбір вакцинаны сақтау мен тасымалдау ережелері бар. Оны бұзған жағдайда препараттың тиімділігі төмендейді. Атап айтқанда, екпені салар алдында вакцинаның флаконын тоңазытқыштан шығарып, толығымен жібітіп алу қажет. Одан кейін 0,5 миллилитрін алып, адамға салады. Бөлме температурасында 2 сағаттан артық ұстауға болмайды. Флаконның көлемі - 3 мл. Біреуі бес адамға жетеді.

Вакцинация населения против коронавируса в Казахстана
© Sputnik / Абзал Калиев
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау жүріп жатыр

QazCovid-in мен Спутник V-дің тиімділігі қандай?

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, ресейлік "Спутник V" вакцинасының тиімділігі 92 процентті құрайды. Ал QazCovid-in 96 процентке тиімді.

Шенеуніктер арасында "Спутник V" вакцинасын кім салдырды?

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов бірінші болып "Спутник V" вакцинасын салғызды. Онымен бірге денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният та ресейлік екпені қабылдаған.

Главный санитарный врач Казахстана Ерлан Киясов получил прививку от коронавируса
© Sputnik / Абзал Калиев
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов "Спутник V" вакцинасын салдырды

Бұдан бөлек, бірнеше мәжіліс депутаты да солай істеді. Олардың ішінде Зарина Қамасова, Ғалымжан Елеуов және Лариса Павловец бар. Дариға Назарбаева да "Спутник V"-ді салдырамын дейді.

QazCovid-in кімге егілді?

Бұған дейін қазақстандық вакцина мыңдаған еріктіге салынды. Жағымсыз әсер байқалған жоқ. Шенеуніктер арасында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "QazCovid-in"-ді бірінші болып салдырды. Одан кейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Карин де отандық екпені егуге шешім қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы вакцинаны аламын деп отыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да коронавирусқа қарсы отандық екпені егуге мүдделі.

"Спутник V"-дің Қазақстанда өндірілген нұсқасы қашан шығады?

Қазіргі кезде қазақстандық емханаларда Ресейдің өзінде жасалған вакцина егіліп жатыр. Ал 15 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген "Спутник V" препараты республика бойынша таратылады.

Карагандинский фармацевтический комплекс
© Sputnik / Абзал Калиев
Қарағанды фармацевтикалық кешеніндегі вакцина өндірісі

QazCovid-in неге кешігіп жатыр?

Отандық вакцина клиникалық зерттеудің екі кезеңінен өтті. Ал өткен жылы 25 желтоқсанда үшінші кезең басталған болатын. Соның аясында 3 мың еріктіге отандық вакцина салынды. Зерттеу шаралары наурызда аяқталады. Ал сәуір айында "QazCovid-in"-мен ерікті түрде жаппай вакциналау басталады деп жоспарланып отыр.

Вакциналауға бюджеттен қанша ақша бөлінеді?

Қазақстанда 10 миллион адамды вакциналауға, шамамен, 50 миллиард теңге жұмсалады. Соның ішінде ресейлік вакцинаның 2 миллион дозасы бар. Оны сатып алуға 16,8 миллиард теңге жұмсалады. Осы вакцинаның бір бөлігі көрші елден сатып алынса, қалғаны өзімізде өндіріледі. Коронавирусқа қарсы вакцина тегін салынады.

Вакцина пандемиядан шығуға көмектесе ме?

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың айтуынша, халықтың вирусқа қарсы иммунитетін 50 процентке дейін жеткізсек, онда бұрынғы өмірімізге қайта оралуға мүмкіндік бар. Шектеу шаралары да, карантин де, локдаун да болмайды. Ал денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 70-80 проценті екпе алуы керек деп ойлайды. Қазіргі есепке сәйкес, ұжымдық иммунитетті 50-60 процентке жеткізу үшін 10 миллион адамға екпе салу керек.

Ажар Гиният получает вакцину от коронавируса
© Sputnik / Абзал Калиев
ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният вакцина салдырып жатыр
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (164)
Кілт сөздер:
вакцина
Загрузка...

Басты тақырып