НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Шымкент қалалық спорт басқармасының башысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар болып шықты. Осыған байланысты шенеунік Қазақстан азаматтығын жоғалтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Шымкент қалалық полиция департаментінің көші-қон және азаматтық бөлімінің басшысы Гүлжан Нысанбаеваның айтуынша, көші-қон басқармасы Қазақстан азаматы Олег Владимирович Почиваловтың қос азаматтығы бар екенін анықтады.
"Азаматтық туралы" заңның 21 бабына сәйкес, көші-қон қызметінің басқармасы Олег Владимирович Почиваловтың Қазақстан азаматтығын жоғалту фактісін тіркеді", – дейді Нысанбаева.
Айта кетейік, "Азаматтық туралы" заңда Қазақстан азаматтығынан шығу, одан айырылу және жоғалту шарттары көрсетілген. Бұның барлығы азаматтықты тоқтатудың себептері болып қарастырылады. Ал басқа мемлекеттің азаматтығын алған адам Қазақстан азаматтығын жоғалтады.
Заң бойынша шет мемлекеттің азаматтығын алған Қазақстан азаматы өзге азаматтықты алғаннан бастап 30 күннің ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы ішкі істер органдарына немесе Қазақстанның шет елдердегі мекемелеріне хабарлауға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін тапсыруға міндетті.
"Шетелдік азаматтықты алу фактісі туралы осы баптың екінші бөлігінде (егер Қазақстан Республикасының азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынса) белгіленген мерзімде хабарламау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады", – делінген заңда.
Оқи отырыңыз: Жүзге жуық оралманға азаматтық берілмей жатыр – вице-министр себебін айтты
Өткен жылдың соңында "Олег Почиваловтың Қазақстан мен Ресейдің қос азаматтығы бар" деген ақпарат тараған болатын. Сол кезде спорт басқармасы осы мәліметті жоққа шығарған.
Ал 10 желтоқсанда сенатта өткен жиында ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди қос азаматтығы бар екі мемлекеттік қызметші туралы айтқан. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы он бір айдың ішінде қос азаматтыққа қатысты 431 факт тіркелді. Соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында екі мемлекеттік қызметшінің қос азаматтықпен жүргені анықталды.