НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар есебін жүргізу жұмысы қатаңдатылады. Бұдан бөлек, КВИ+ пен КВИ- статистикасы біріктірілуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлер науқастар санын жасыратынын мәлімдеп, коронавирус статистикасын нақтылауды тапсырған болатын.
Ғинияттың айтуынша, қазір денсаулық министрлігі ұлттық статистика бюросымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
"Ауырғандар мен өлім-жітім есебін жүргізуді және тіркеуді қатаңдату үшін белгілі бір жоспар қабылданып, құжаттар қаралып жатыр. Барлық медициналық ұйым жылдық есептерін дайындап, тапсырып жатыр. Біз КВИ+ және КВИ- әр фактісін бүкіл базадан тексеріп, әр пациентті ЖСН-ы бойынша бақылаймыз. Қазір бұл бағытта үлкен жұмыс жүріп жатыр. Айдың соңында коронавирус бойынша мәліметтер жаңартылады", - деді вице-министр онлайн брифингте.
Ол жаз кезінде науқастар көбейіп, дәрігерлер деректерді базаға дер кезінде енгізіп үлгермегенін айтты. Мәліметтер жүйеге кешірек енген. Соның салдарынан статистика дұрыс жүргізілмеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустың "британдық" және "оңтүстікафрикалық" штаммдары бар ма
БАҚ өкілі коронавирустың расталған (+) және расталмаған (-) жағдайлары біріктіріле ме деген сұраққа:
"Біз біріктіруіміз мүмкін. Қазір коронавирустың әр фактісін, + және -, жеке-жеке есептейміз. КВИ+ бойынша ешқандай мәселе жоқ. Ал КВИ- бойынша өзгерістер болады деп ойлаймын", - деді Ғиният.