НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова қыстың соңғы айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кейбір лидерлер саясаттан кетеді
Әбдірайымованың болжамынша, ақпан айында нормативтік-құқықтық актілер мен халықаралық шарттар өзгереді.
"Әлеуметтік ахуал нашарлайды. Кейбір көшбасшылар саяси аренадан мүлде кетуі мүмкін. Көлік дәлізін қайта қарау мәселесі көтеріліп, оларға талас басталады. Табиғи апаттар, жарылыс, теракт, тау-кен, мұнай-газ, теміржол салаларында, өнеркәсіп кәсіпорындарында апат болуы мүмкін, революциялық оқиға және билік трансформациясы болжануда", - деді қазақстандық маман.
Ақшаны қай валютада сақтаған дұрыс
Сондай-ақ, осы айда банк, қаржы жүйесінде өзгерістер, қолма-қол ақшамен қиындықтар туындауы мүмкін.
Валюта бағамы құбылады. Астролог доллардың нығаюы мүмкін екенін ескертті.
"Менен көбі "Ақшаны қай валютада сақтайын?" деп сұрайды. Мен жақын арада доллармен сақтауға кеңес беремін", - деді Әбдірайымова.
Ол қазір банк жүйесі экономика мен қоғамның "қатерлі ісігі" екенін және ол 2024 жылдың ортасына дейін өзгеретінін айтты.
Ғарыш энергиясының қарапайым адамдарға әсері
Жұлдызнамашының айтуынша, ақпан айында адамдар төңірегінен өзімен ниеттес, пікірлес, мақсаты ортақ жандарды іздей бастайды.
Достық қарым-қатынасты жолға қойып, өзгелермен пікірімен, білімімен бөлісуге деген құлшыныс оянады. Әлеуметтік желі арқылы көп араласады.
Еш нәрсеге міндеттемейтін, қысқа мерзімдік таныстықтар артады.
Адамдар еркіндікке, әділдікке ұмтылады. Егер әлдекім бостандығын шектеуге тырысса, қарсылық танытады.
Лауазымы жоғары қызметкерлердің, басшылық пен биліктің алдында қорқыныш жоғалады.
"Саясаткерлердің көбі халыққа жақын болғысы келетінін көрсетеді. Саяси аренада жаңа лидерлер пайда болады. Түрлі қоғамдық ұйымдар, бейресми бірлестіктер құрылуы мүмкін", - деді астролог.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 ақпаннан бастап не өзгереді
Маманның болжамынша, адамдардың дені қандай да бір қоғамға мүше болуды қалайды. Тың деялар пайда болып, бұрынғы жоспарлар өзгереді.
Жалпы, осы айда өзгерістер мен күтпеген оқиғалар болуы мүмкін, ғылыми жаңалықтар ашылуы ғажап емес, деп жалғастырды сөзін Әбдірайымова.
"Саяси ойындардан аулақ жүріңіз. Заңды деп ойлаған кейбір ұйымдар заңсыз болып шығуы мүмкін", - деп ескертті ол.
Сондай-ақ, бұл айда ақыл-ой мен түйсік жақсы жұмыс істейді.
Материалдық жағдайға, өз-өзіңді қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлуге тура келеді. Адамдар жалақысының өскенін, еңбегінің лайықты бағаланғанын талап ете бастайды. Осындай ұрандармен көшеге митингке шығады.
"Айдың соңында кейбір адамдар серігінен көңілі қалып, қарым-қатынасты үзеді. Бірақ, шешім қабылдауға асықпаңыз. Айдың ортасында жағдай өзгеруі мүмкін", - деп кеңес берді маман.
Ақпан айының күндері бойынша астроболжам
1-2 – ашушаңдық пен қызбалық. Әсіресе, Суқұйғыш, Сарышаян, Торпақ және Арыстандарда.
5-7 – күйзеліс, салқынқандылық. Дегенмен, бұл кезең дизайнерлер мен суретшілерге шығармашылық энергия әкеледі.
8-10 – өз дегеніңнен қайтпау. Өзіңе баға беру қиынға соғады, бірақ ақыл-ой жұмысына қолайлы уақыт.
11-14 – кездесу, таныстық, табыс түсетін кезең. Киім, әшекей, жұмсақ жиһаз, интерьер заттарын сатып алуға болады.
15-24 – ашу-ыза, үрей, түбегейлі өзгерістерге ұмтылыс кезеңі. Жаңа бастамалар, капитал құю және басшылыққа өтінішпен кіруге сәтсіз күндер.
24-25 – белсенділік, өнімді жұмыс, табандылық.
26 – тың идеялар, шабыт, қуаныш, тосын сый.
5,7, 10, және 15 мен 24 аралығы – апат жиілейтін күндер. Сақ болыңыз.
Сондай-ақ, Әбдірайымова Суқұйғыш, Сарышаян, Торпақ, Арыстандарға абай болуға кеңес берді, бұл ай оларға оңайға соқпайды. Ақшаны оңды-солды шашпай, дау-жанжалдан алыс жүрген абзал.
Күн Мергені, Таразы, Тоқты, Егіздер үшін ақпан айы қолайлы кезең болады.
Балық, Тауешкі, Торпақ, Шаян, Сарышаяндарды романтикалық кездесулер күтіп тұр. Айдың соңғы күндері табыс артуы мүмкін.
Егіздер, Бикеш, Мергендер алаяқтардан сақтанып, айдың соңғы күндері қарыз алмағаны және бермегені дұрыс.