Қоғам

Нұр-Сұлтанда медицина қызметкерлерінің вакцинадан не себепті бас тартқаны белгілі болды

© Sputnik / Владислав ВодневВрачи в защитных костюмах в отделении интенсивной терапии в больнице с коронавирусом в Нур-Султане
Врачи в защитных костюмах в отделении интенсивной терапии в больнице с коронавирусом в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.02.2021
Жазылу
Сәби сүюді жоспарлап жүрген әйелдер, онкологиялық және тағы басқа созылмалы ауруы бар медицина қызметкерлері вакцина салдырмауға шешім қабылдаған. "Жағдайды бақылай тұрамын" дейтіндер де бар

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова кейбір дәрігерлердің коронавирусқа қарсы вакцинадан тас тарту себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Дәл қазір олардың нақты санын айта алмаймын. Дегенмен медицина қызметкерлері арасында ондай адамдар көп емес. Олардың басым бөлігі – сәби сүюді жоспарлап жүрген әйелдер. Әзірше вакцина салуға болмайды деп ойлайды. Сосын онкологиялық және тағы басқа созылмалы ауруы бар медицина қызметкерлері вакцинадан бас тартты", - деді Рүстемова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, "жағдайды бақылай тұрамын" дейтін мамандар да бар. Олар артынан вакцина салғызамыз деп отыр.

"Олар уақытша салдырмайтынын айтты. Әзірге бақылай тұрамыз дейді. Ал наурыз-сәуір айында вакцина салуға дайын. Басқалардың салдырғанын күтіп отыр", - деп атап өтті Рүстемова.  

Оқи отырыңыз: Жандарбек Бекшин вакцина салдырды

Осы орайда басқарма басшысының орынбасары медицина қызметкерлерін ешкім қинамайтынын жеткізді. Олар дәл қазір ресейлік "Спутник V" вакцинасын еге ме, жоқ, әлде "QazCovid-In" атты қазақстандық вакцинаны күте ме, оны өздері шешеді.

"Біз ешкімнің құқығын шектемейміз. Әркім өзі шешеді. Бұл – ерікті шара. Сондықтан ешкімді қинамаймыз, басқа вакцина таңдағаны үшін де шара қолданылмайды", - дейді Рүстемова.

Жаппай вакциналау басталды  

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Бүгін бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният  ресейлік "Спутник V" вакцинасын салғызды. Оларға екпенің алғашқы компонентін екті. Енді үш аптадан кейін олар қайта келіп, вакцинаның екінші дозасын алу қажет.

Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, учаскелік полицейлер, студенттер, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер және тағы басқа мемлекеттік қызметкелер бар. Созылмалы ауруы бар адамдарға да бірінші кезекте салынады. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

Вакцина кімдерге салынбайды?

  • жүкті әйелдер;
  • ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдар;
  • 18 жасқа толмағандар;
  • 65 жастан асқандар.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр. Ал 2021 жылдың сәуір айынан кейін COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.

Жаңалықтар
0