Қоғам

"Қалаулым" үшін бе?": Аша Матай төсбелгіні сатып алды дегендерге жауап берді

© Photo : Аша Матайдың Instagram-парақшасынанҚазақстандық тележүргізуші Аша Матай
Қазақстандық тележүргізуші Аша Матай - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Аша Матай жақсылықты шулатпай, көпшілікке жарияламай жасау керек деген ұстанымы бар екенін айтты

АЛМАТЫ, 29 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық танымал тележүргізуші, актриса Аша Матай "Матай Бөрібай батыр" төсбелгісімен марапатталуына қатысты сын айтып жатқандарға жауап берді.

Алматыда тұрғандықтан Талдықорған маңындағы туған жеріне көп бармайтынын атап өткен әнші көмек керек болса, аянып қалмайтынын жеткізді.

"Бұл жайында көп айта бермеймін. Қайырымдылықпен айналысып, қаржылық жағынан көмек көрсетіп отырамын. Мұны көп адам білмейді, мақтанып та айтқым келмейді. Қордың өзі беріп тұрғаннан кейін төсбелгіні қабылдадым", – дейді Аша Матай Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Айтуынша, бұл төсбелгі тек актрисаға ғана емес, өзі секілді туған жеріне көмек көрсетіп отыратын кісілерге де тағылды.

"Instagram желісінде барлығы не үшін төсбелгі берілгенін сұрап жатыр. "Не үшін? "Қалаулым" бағдарламасын жүргізгені үшін бе? Әлде сатып алдың ба?" деген сұрақтар да бар. Барлығына жауап беріп отыра алмаймын. "Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін" деген сөз бар. Сондықтан қайырымдылық жасап, көмектескетінімді жариялап айтқым келмейді", – деп қайырды актриса.

Аша Матай ес білгелі қайырымдылықпен айналысатын айтып қалды.

"15 жасымнан бастап шығармашылықпен айналысып, ақша тауып келемін. Сол уақыттан бері осылай көмектесемін. Қазір 32-ге келдім. Алғаш рет екі отбасыға бірдей көмектескенім есімде. Абай мен Гагарин көшесі қиылысындағы киоскіде газет сатып, 5-6 баласы бар жалғызбасты анаға көмектестім", – деді актриса.

"Жария салып, айта бермейміз…"

Ол сондай-ақ, жақсылықты шулатпай, көпшілікке жарияламай жасау керек деген ұстанымы бар екенін айтты.

"Отбасымда ата-анам, күйеуім де қайырымдылық жасайды. Бірақ жария салып, айта бермейміз", – деді ол.

Айтуынша, осы уақытқа дейін бір отбасыға өз қаржысына баспана да алып берген. Алайда оның қай өңір тұрғыны екенін ашып айтпады, тек туған жерінің тұрғыны емес екенін нақтылады.

Сондай-ақ, ай сайын тапқан табысының қандай да бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды. Алайда Аша Матай табысының неше процентін көмек ретінде беретінін айтудан бас тартты.

Айта кетейік, Аша Матай әлеуметтік желідегі парақшасында "Матай Бөрібай батыр" төсбелгісімен марапатталғанын жазды.

"Мен "Матай Бөрібай батыр" төсбелгісімен, яғни медалімен марапатталдым. Куәлігінде "ұлттық рухты көтеру жолындағы еңбегі үшін" деп жазылыпты. Осы ретте еңбегімді жоғары бағалағаны үшін "Матай Бөрібай батыр" қорының ұйымдастыру алқасына алғысымды білдіремін", – деді Аша Матай.

Оқи отырыңыз: "Қалаулым" жаңаша шықты: Аша Матай отбасылық әңгімені жұртқа жайып салды

Әнші бұл төсбелгіні өзінің алып жүрген марапаттарының ішіндегі ең құндысы деп санайтынын атап өтті.

Ал желі қолданушылары "ұлттық рухты көтеретіндей не істедің?", "ақша берсең, медаль береді, бұл – 21 ғасыр", "қандай еңбегі үшін берді?" деген пікір жазып жатыр.

Жаңалықтар
0