НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Шет мемлекет "Астана LRT" ісіне қатысы бар күдіктілердің біріне іздеу жариялап, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға сырттай шешім қабылдады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов. Алайда ол қай мемлекет екенін атаған жоқ.
Бұған дейін Қазақстан елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жариялады.
"Халықаралық құқықтық ынтымақтастық аясында тұрақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сұраныстар, халықаралық тергеу тапсырмалары жолданып жатыр. Оларды елге қайтарамыз деп ойлаймын. Осы іске қатысы бар азаматтың бірі жасырынып жүрген шет мемлекет оған қатысты іздеу жариялап, оны қамауға алу туралы сырттай шешім қабылдады. Ол сол елдің құқық қорғау органдарынан жасырынып отыр", - деді Перов агенттіктің алқа отырысында.
Іздеу салынған азаматтар болжам бойынша алыс шетелде жасырынып жүр.
2020 жылдың 29 қазанында елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT құрылысына қатысты сот отырысы басталды.
Сот алдында жеті адам жауап беріп жатыр. Олар – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов, "Astana Innovations" АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ, әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Улугбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов.
Сотта LRT құрылысына жауаптылар миллиардтарды қалай жымқырғаны айтылды
Ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр. Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен. Осы қылмысқа әкімдіктің басқарма басшылары, сондай-ақ, шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысқан.
Бүгінде қылмыстық топ мүшелері 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталып отыр.