Қоғам

Нотариусқа ақылы негізде заң көмегін көрсету құқығы беріледі

© Photo : пресс-служба сената парламента КазахстанаДепутаты на заседании
Депутаты на заседании - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Уәкілетті органдар бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізу, қол жеткізу, пайдалану, қорғау тәртібін нақты регламенттеп, айқындайды

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Парламент сенаты "Нотариат туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.

Сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, заң жобасының мақсаты – нотариат саласында азаматтардың заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық жүйесін жетілдіруді қамтамасыз ететін тиімді мемлекеттік саясатты жүргізу.

"Жаңашылдықтардың бірі – нотариаттық қызметті одан әрі цифрландыру. Нотариаттық құжаттардың электронды нысанда сақталуын, есепке алынуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етететін электрондық жүйе (репозитарий) құру көзделіп отыр. Бұл жерде, заң жобасы қағаздағы құжат пен электронды құжаттың тең мәнділігін куәландыруды қамтамасыз етуді де міндеттейді", - деді депутат.

Нотариаттық құжатқа QR-код беріледі, осылайша оның түпнұсқалығы расталады.

Ләззат Сүлеймен репозитарий 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылуы керек екенін атап өтті.

"Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізу, қол жеткізу, пайдалану, қорғау тәртібін уәкілетті органдар нақты регламенттеп, айқындауы тиіс. Бұл бағытта Әділет министрлігі, цифрлық даму министрлігі, Республикалық палата алдында осы қызметті сауатты үйлестіру міндеті тұр", - деді ол. 

Тағы бір мәселе – нотариусқа қосымша ақылы негізде заң көмегін көрсету құқығы беріледі.

Заң жобасына сәйкес нотариустар:

  • нотариаттық әрекеттер жасауға тікелей байланысты емес құқықтық сипаттағы ауызша және жазбаша консультациялар жүргізе алады;
  • мәміле жобаларын, өтініштер мен басқа да құжаттарды жасау нысанында өтеулі негізде заң көмегін көрсетеді.

Осылайша нотариаттық қызмет түрлері кеңейеді және халықтың құқықтық сауаттылығының артуына біршама ықпал етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, Палатаның басқару органдарын заң жүзінде бекіту ұсынылады:

  • жоғары орган – Республикалық нотариаттық палатаның съезі;
  • атқарушы орган – палата басқармасы;
  • бақылаушы орган – ревизиялық комиссия.

Нотариустардың қызметтеріне шағымдарды қарайтын Тәртіптік комиссия құрылады, ол тәуелсіз орган болады және Республикалық нотариаттық палатаның съезінде сайланып, есеп береді.

Ләззат Сүлейменнің аймтуынша, 2020 жылы 33 нотариустың лицензиясы уақытша тоқтатылған.

Комиссияны қалыптастыру, жазалау шаралары, шешімдер қабылдау тәртібін заң жобасы нақтылайды.

Комиссия 7 адамнан тұрады: 4 нотариус және әділет министрлігі ұсынатын 3 қоғамдық өкіл. Комиссияның төрағасы міндетті түрде нотариус болуы шарт.

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздемейді.

Айта кетсек, бүгінде елімізде 17 аймақтық, 1 республикалық нотариаттық палатада 4267 нотариус қызмет атқарады.

Сенат заңды қабылдады.

Жаңалықтар
0