Қоғам

Ермахан Ибраимовтың үстінен полицияға арыз түсті: боксшы не істейтінін айтты

© Sputnik / Айгюзель КадирБоксер Ермахан Ибраимов
Боксер Ермахан Ибраимов  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутат Ермахан Ибраимов парламент сайлауынан кейін ел арасында тарап кеткен ақпаратқа қатысты өз ойын айтты

АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Белсенді Әйгерім Тілеужан Сидней Олимпиадасының чемпионы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ермахан Ибраимовтың үстінен полицияға арыз жазды. Алайда әлі іс қозғалған жоқ. Бұл туралы Алматы тұрғыны Sputnik Қазақстан тілшісіне хабарлады. Ал Ермахан Ибраимов дәрежесіне нұқсан келетін әрекет жасалса, белсенділердің өзін сотқа беретінін мәлімдеді.

"Алматы қаласының полиция департаменті арызды қабылдады. Бірақ әлі іс қозғалған жоқ. Куәгерлермен бірге қалалық полиция департаментіне келіп тұрмыз", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Әйгерім Тілеужан.

Айтуынша, полиция арызды әкімшілік құқық бұзышылық туралы кодекстің 434-бабы "ұсақ бұзақылық" және 73-2-бабы "ұрып-соғу" бойынша қабылдады.

Айта кетсек, 10 қаңтарда өткен сайлау күні белсенділердің бірі Әйгерім Тілеужан жұртпен бірге алаңға шыққан. Айтуынша, сол кездегі қарбалас кезінде Ермахан Ибраимовтың жұдырығы бетіне тиген. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде боксшы алаңға шыққандардың бірінің қолындағы плакатты жыртып тастады деген де ақпарат тарады.

Ермахан Ибраимов не дейді?

Sputnik Қазақстан тілшісі Ермахан Ибраимовке хабарласып, үстінен арыз жазылғанынан хабары бар-жоғын сұрады. Спортшы бұл туралы ештеңе білмейтінін айтты.

"Арыз жазып-жазбағанынан хабарым жоқ. Білмеймін. Егер менің үстімнен арыз жазып, жалған мағұлмат тарататын болса, мен олардың үстінен арыз жазамын. Психологиялық-моральдық тұрғыда менің дәрежемді төмендетуге әрекет жасағаны үшін сотқа беріп, 5 миллион теңге өндіретінімді де айтқанмын", - деді Ибраимов.

"Арыз жазамыз деп жүргеніне біраз уақыт болды. Менің адвокатым бар, өзім заң факультетін бітіргенмін. Мен заңды жақсы білемін", - дейді Олимпиада чемпионы.

Спортшы тарап жатқан ақпараттың бәрі жалған деп отыр.

"Саусағымның ұшы ешкімге тиген жоқ. Тарап жатқан әңгіменің бәрі – жалған мәлімет. Жерде жатқан плакаттарды көрдім... Мені балағаттап, менің намысыма тигеннен кейін жақын тұрған адамның плакатын жұлып алдым да, жыртып тастадым. Халықтың арасына арандатушылық салатын, ауызбіршілігін бұзатын неше түрлі сөздер жазған", - деді ол.

Алайда депутат намысына тиетін сөз айтқандардың үстінен бірінші болып арыз жазбайтынын айтты.

"Мен үлкен адаммын, Олимпиада чемпионымын. Ондай төмен дәрежеге түспеймін ғой. Олар сияқты емеспін. Мен өте жоғары дәрежедегі адаммын... Он шақты адам бар сияқты. Олардың әлеуметтік желіде неше түрлі пікір айтқаны менің абыройымды түсіре қоймайды", - дейді ол.

"Менің ойымша, оларға шетелде жүрген оппозиционерлер қаражат төлеп, сондай іс-әрекетке барып отыр. Олардың басты мақсаты – Қазақстан ішінде іріткі салып, ауызбіршілігін бұзу. Бұған Олимпиада чемпионы ретінде, Қазақстанның нағыз патриоты ретінде жол бермеймін",  - деп толықтырды ол.

Егер үстінен арыз жазатын болса, депутат өзінің азаматтық құқығын қорғауға мүдделі.

Еске сала кетсек, 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихаттар сайлауынан кейін Ермахан Ибраимов Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.

Жаңалықтар
0