Қоғам

"Қайдан табылған қарындас?": Мақпал Жүнісова көмек сұраған әйелге қатысты ойын айтты

© Photo : Мақпал Жүнісованың жеке архивіненМақпал Жүнісова
Мақпал Жүнісова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әнші Заманбек Нұрқаділов дүниеден өткенде "қарындасының" көңіл айтып келмегенін, үйінде суреті де жоқ екенін жеткізді

АЛМАТЫ, 26 қаңтар – Sputnik. Желіде өзін мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қарындасы деп таныстырып, Жүнісовадан көмек сұраған отбасының видеосы тарады. Sputnik Қазақстан тілшісі әнші Мақпал Жүнісоваға хабарласып, осы жайында ойын сұрады.

Әншінің айтуынша, қарындасы бар екені туралы алғаш рет естіп отыр. Ал Заманбек Нұрқаділов "Не только о себе" деген кітабында шешеден екеу екенін жазған.

"Қайдан табылған қарындас екенін мен білмеймін. Зәкең екеуміз Шонжыда талай рет болдық. Сол жерде қарындасы болса, Зәкең соның үйіне кіретін еді ғой. Қызық, бұл қайдан шыққан ақпарат?", - деді Жүнісова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Ол сондай-ақ Нұрқаділовтің "артымда бауырларым қалып бара жатыр" деп аманат қалдырмағанын, сол себепті мұны қазбаламайтынын айтты.

"Бұл рас па, өтірік пе, оны қазбаламаймын. Зәкеңнің бүгіп кеткен құпиясын қазабалауға құқығым жоқ. Маған дейін 25 жыл басқа кісімен тұрды. Сол кісі білетін шығар. Маған неге айтпағанын білмеймін ғой. Сондықтан бұл жерде тексеретін нәрсе көп. Зәкең тірі болса биыл 77 жасқа толар еді. Ол кісінің айтуынша, бір жасқа келгенде әкесі соғысқа кетіп, оралмаған. Ал видеодағы кісі 71-ге келеді екен. Сонда ол қалай қарындасы болады, соны түсінбей отырмын. Мен сенбеймін. Оны зерттеу керек", - дейді әнші.

Ол сондай-ақ, Заманбек Нұрқаділов дүниеден өткенде "қарындасының" көңіл айтып келмегенін, үйінде суреті де жоқ екенін айтты.

"Зәкең қайтыс болған кезде қайда қалыпты?! Көңіл айтқан да жоқ қой. "Қарындасымын" деп еңіреп неге келмеді сол кезде? Ештеңе білмеймін. Зәкеңнің жатқан жері жайлы болсын. Мүмкін өз құпиясы болған шығар, оны айтпағаннан кейін мен оны қайдан білемін", - дейді әнші Жүнісова.

Сонымен қатар Шонжыға барып сұқбат алған тілшіге де ренішін жеткізді. Заманбек Нұрқаділовтің өмірін зерттеп көрмегеніне, сол ақпаратты естіген кезде өзінен неге сұрамағанына ренжіді.

"Сіз білесіз бе, білмейсіз бе, деп неге сұрамайды? Қарындасы болса, не жер әпермеген, неге үй алып бермеген деп Зәкеңді жаман адам қылып көрсетудің қажеті жоқ. Видеоны көрдім. Бірнеше сіңілісі бар екен. Менің ешқандай қатысым жоқ. Мен өз бауырларымды білемін, әкемнен тараған ұрпағымды білемін, соларды асырап жүрмін", - деді Жүнісова.

Ол сондай-ақ, ешкімге қол жаймай, еңбек еткенін айтып өтті.

"Біз ешкімге қолымызды жайған жоқпыз. Жүгіріп еңбек еттік. Ән айтып, нәпақамызды тауып жүрміз. Видеода 12 бауыры бар деп айтып отыр, соның бәрі неге көмектеспейді?! Неге Мақпал Жүнісова көмектесуі керек? Зәкең маған айтқан жоқ, олар маған келген емес. Енді неге іздеп отыр?", - деді Жүнісова.

Соған қарамастан Мақпал Жүнісова банк картасына қаржы аударатынын айтты.

"Әлі де сенбеймін. Бір суреті жоқ, ешқашан естімедік. Kaspi gold картасына жағдайым келгенше ақша салармын, талай адамға салып жатырмын ғой. Зәкеңнен байлық қалды дей ме екен, ол кісі бұл өмірден көк тиынсыз кетті ғой. Зәкең миллионер болса, тойға барып ақша тауып жүремін бе? Айту оңай", - дейді Жүнісова.

Айта кетейік, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауданында тұратын Әсел Қалабаева есімді әйел анасы Рая Қалабаеваның Заманбек Нұрқаділовтің бір әкеден туған қарындасы екенін мәлімдеді. 20 жылдан бері баспанасыз жүргенін айтып, Мақпал Жүнісовадан көмек сұраған еді.

Оқи отырыңыз: "Өлтіріп тастаймыз деген": Заманбек Нұрқаділовтің қарындасы Жүнісовадан көмек сұрады

Жаңалықтар
0