НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Пессимистік сценарий орын алса, тәулігіне тоғыз мың қазақстандық вирус жұқтыруы мүмкін. Бұл карантин шараларын қатаңдатуға әкеп соғады, деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі осы жылдың соңына дейін эпидемологиялық ахуалдың дамуына болжам жасады.
"Қазіргі шектеу шаралары сақталған жағдайда, коронавирустың шарықтау шегі наурыз айының соңында тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне үш мың адам індетке шалдығады, төсек-орын қоры 24 мыңға дейін толады", - деді Цой үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ал пессимистік сценарий бойынша тәулігіне тоғыз мың науқас тіркеледі. Ауруханаларда төсек-орын қорының 45 мыңы толады.
"Денсаулық сақтау саласына салмақ түсірмес үшін карантин шаралары қатаңдатылуы мүмкін", деді министр.
Цой бірінші ақпанда коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталатынын еске салды. Вакцинациялау екпенің түсуіне қарай кезең-кезеңмен іске асырылады.
Жыл соңына дейін алты миллион қазақстандыққа вакцина салу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.