Қоғам

Бұл барыстың муляжы – туризм академиясының президенті даулы фотоға түсініктеме берді

© Pixabay / skeeze Ирбис, снежный барс
 Ирбис, снежный барс - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Зәкіриянов фотосуретте барыс терісінің макеті бейнеленгенін атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, директорлар кеңесінің арнайы шешімімен шетелде "аңшылық олжа" жинауға ақша бөлінеді

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Зәкірияновтың басы дауға қалды. Желіде оның Алматыдағы кеңсесінде түсірілген фотосурет таралып кетті, онда жабайы аңдардың терісі мен тұлыбы көрініс тапқан.

Қолданушылар суреттен Қызыл кітапқа енген қар барысының терісін көріп, ашуланды. Экология министрлігі тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.    

Ал Қайрат Зәкірияновтың өзі Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында фотода барыстың муляжы бейнеленгенін айтты. Ол сондай-ақ "аңшылық олжаны" заңды түрде жинайтынын мәлімдеді.

"Қар барысы – менің туған күніме сыйға тартылған муляж. Әдемі муляж, жұрттың бәріне көрсетемін. Ал оның қасындағы сілеусін, ол Қызыл кітапқа енбеген, оны да маған туған күніме сыйлаған. Бұдан басқа, Африкада, Жаңа Зеландияда, Австралияда және тағы басқа елдерден жеткізілген 20-30 трофей бар", - деп түсіндірді Қайрат Зәкіриянов Sputnik Қазақстанға.

Ол "арыстанды үш жыл бұрын Оңтүстік Африка Республикасында өзі аулағанын" атап өтті.

"Лицензия Оңтүстік Африка үкіметінен сатып алынды. Барлығы заңға сәйкес жасалды. Қазақстаннан бір қазақ келіп, оған: арыстанды атып, оны үйіңе алып кет деді деп ойлайсыздар ма? Біреу қолтырауын аулайды, енді бірі көктемде қоныс аударатын құстарды атуға барғанды ​​ұнатады. Ал мен аңды жақсы көремін. Әркімнің өз хоббиі бар", - деді ол.

Ол барлық муляж өзіне емес, академияға тиесілі екенін атап өтті.

"Мұның бәрі академияның ақшасына алынады. Директорлар кеңесінің арнайы шешімімен академияны насихаттау, студенттерді, талапкерлерді тарту мақсатында қаражат бөлінеді. Ал мен бұл жағдайда жай орындаушымын. Біз акционерлік қоғамбыз, мемлекеттік университет емеспіз", - деді сұхбат беруші.

Қазнетте қызу талқыланған қар барысының суреті қайда түсірілгені белгілі болды 

Зәкіриянов өзінің іс-әрекетінің заңдылығын құжатпен дәлелдеуге дайын екенін айтты.

"Нені тексеру керек? Менде барлық лицензия бар. Қару-жарақтың барлығы тіркелген. Қандай да бір ел жайдан жай кіргізіп, заңсыздық жасауға мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба? Барлығы заңды. Прокурор келсін, басқа біреу келсін – барлық құжатты көрсетемін", - деп түйіндеді ол.

Жаңалықтар
0