АЛМАТЫ, 20 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге жұмсау, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін алуға болатын заң қабылданды. Басты талап – жиналған қаржы жеткіліктілік шегінен асуы қажет.
БЖЗҚ қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының сомасын тексерудің бірнеше тәсілі бар екенін айтты.
Азаматтар электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып enpf.kz сайтына тіркеле алады, сол арқылы жеке кабинетке кіріп, жинақ сомасын тексереді. Оны БЖЗҚ мобильді қосымшасынан да біледі.
Жинақтар сомасы туралы анықтаманы "Азаматтарға арналған электронды үкімет" eGov.kz сайтынан немесе eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы да алады.
Қазақстандықтарға жинағындағы сома туралы ақпарат электронды поштасына да жіберіледі. Ол үшін БЖЗҚ сайтында құжатты рәсімдеу қажет. Содан кейін көшірме құжатты алу салымшының қосымша өтінішінсіз тұрақты түрде жасалады.
"Сондай-ақ, құжатты пошта арқылы немесе салымшы БЖЗҚ-ның кез келген жақын маңдағы өңірлік бөлімшесіне жеке басын куәландыратын құжатпен өзі өтініш жасаған кезде алуға болады", - делінген қордың хабарламасында.
Ол үшін БЖЗҚ-ның өңірлік бөлімшелерінде қызмет көрсету үшін БЖЗҚ сайтында арнайы құжатты толтырып, алдын ала жазылады. Құжатта бөлімшеге баратын нақты уақытты көрсету қажет. Барлық сұрақ бойынша салымшылар БЖЗҚ-ға 1418 нөміріне тегін қоңырау шала алады.
Айта кетейік, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры SMS арқылы зейнетақы жинақтарын тексеру бойынша жаңа қосымша сервисті іске қосқанын хабарлады.