Қоғам

Зейнетақы жинағын пайдалану: депутат "асықпайтын" үкіметті сынап тастады

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге монеты, купюры
Деньги, тенге монеты, купюры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Халықтан үкіметтің атына көптеген ескертпе түскен. Мәселен, бір ғана "Ашық НҚА" порталында қазақстандықтар 900-ден аса пікір қалдырыпты

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. VII шақырылымдағы мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов үкіметтен зейнетақы жинағын пайдалану ережелерін бекітуді тездетуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Жамалов депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Мамин мен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа жолдады. 

Депутат зейнетақы жинағының бір бөлігін баспанаға және емделуге жұмсауға мүмкіндік беретін заңға президент 2021 жылдың 2 қаңтарында қол қойғанын еске салды. 

"Заң баяғыда күшіне еніп қойды. Алайда үкімет тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалану ережелерін әлі қабылдаған жоқ. 761 мың адам осы ережені күтіп жүр, дені баспананы таңдап та қойды. Ал ережелер болса, түрлі келісулер мен бекітулерді күтіп, "кабинеттерді" шарлап жүр", - деп ашуланды мәжілісмен. 

Айтуынша, халықтан үкіметтің атына көптеген ескертпе түскен. Мәселен, бір ғана "Ашық НҚА" порталында қазақстандықтар 900-ден аса пікір қалдырыпты. 

Сондай-ақ, Жамалов азаматтар баспананы сатуға 5 жылға шектеу қойылатынына қарсы екенін атап өтті. 

Бұдан бөлек, қазақстандықтар зейнетақы жинағын салынып жатқан үйді сатып алуға және тұрып жатқан баспанасын жөндеуге беруді сұрайды. 

"Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы мәжілістің бірінші сессиясының ашылуында "отандық зейнетақы жүйесі әділ, орнықты және адамдардың мүддесіне сай болуы керектігін" атап өтті. Яғни, азаматтардың зейнетақы жинағын пайдалану құқығын шектемей, олардың мүддесіне жауап беруі керек екеніне баса назар аударғым келеді", - деді ол.

Осыған байланысты Жамалов зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бойынша заңға бағынышты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды тездетуді және оларды 2021 жылдың қаңтар айының соңына дейін қолданысқа енгізуді сұрады.

Жаңалықтар
0