Қоғам

Қазақтың Тайлағы дүниеден өтті

Жазылу
Саналы ғұмырында барлығы 12 кинофильмге түскен Әлімғазы Райымбеков Алматы облысының құрметті азаматы

АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. Қазақ фильмінің алтын қорынан елеулі орын алған "Тақиялы періште" фильмінде Тайлақтың рөлін сомадаған Әлімғазы Райымбеков дүниеден өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қаралы хабарды "Қазақфильм" киностудиясы растады.

Әлімғазы Райымбеков 85 жасында дүниеден өтті. Ол 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген.

Совхозда көлік жүргізушісі болып қызмет еткен. Содан кейін 1965 жылы алғашқы "Ән қанатында" фильміне шақырту алды.

1966 жылы "Қилы кезең" фильміне түсті.

1968 жылы "Тақиялы періште" кинофильміндегі Тайлақтың рөлін сомдады. Осы кезден бастап жұртшылыққа кеңінен таныла бастады. Фильмнің режиссері – Шәкен Айманов.

"Шәкен аға "Ән қанатында" фильмінде мені көрген. Сол үшін "Тақиялы періште" фильміне шақырды. Өзім әлі күнге дейін түсінбеймін. Мен актер емеспін, көлік жүргізушісімін. Қалайша, неге шақырды? Екі кинодан кейін берген ақшасын алып, үйге қайтайын деп келдім. Келсем, ескі студияда кабинетінен шығып тұр екен. Кір деді, кірдім. Отыр деді, отырдым.  "Сценарийді жазып бітірдік, музыкалық комедия, басты рөлде – сен" деді Шәкен Айманов. Мен әртіс емес екенімді айттым, "қалай мен басты рөлді ойнаймын, ертең халық алдында абыройыңыз төгіледі ғой" дедім. Сонда Шәкен аға "онда сенің шаруаң жоқ, ертең 10-да кел" деп жіберді", – дейді Райымбеков Тайлақтың рөлін сомдағанына қатысты.

"Тақиялы періште" комедиясының тұсаукесері 1969 жылы өтті.

1968 жылы "Көгілдір такси" фильміне түскен Әлімғазы Райымбеков 1978 жылы да "Қан мен тер" фильмінде эпизоттағы рөлді сомдаған.

Жалпы, саналы ғұмырында барлығы 12 кинофильмге түскен ол Алматы облысының құрметті азаматы, 2016 жылы мәдениет және спорт министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Марқұмның жаназасы 20 қаңтарда Алматы облысы Көксу ауданы Мәмбет ауылында өтеді.

Жаңалықтар
0