Қоғам

Алматыда қылмыс әлемінің серкесіне сот үкімі шықты

© Sputnik / Екатерина Чеснокова / Медиабанкке өтуАрхивное фото человека в клетке для подсудимых
Архивное фото человека в клетке для подсудимых - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Серік Жаманаев бірнеше ауыр қылмыс жасады деп айыпталып, 19 жылға түрмеге тоғытылды

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар — Sputnik. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылыған ауданаралық соты қылмыс әлемінде "Серік-голова" деп танылған Серік Жаманаевқа үкім шығарды. Адамды кепілге алу, бопсалау және тағы басқа бірқатар қылмыс жасағаны үшін ол 19 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылыған ауданаралық сотында Жаманаев пен оның қылмыстық тобының мүшелеріне қатысты бопсалаудың үш эпизоды, соның ішінде, жәбірленушінің денсаулығына орасан зиян келтіру салдарынан оның өліміне алып келген қылмыс бойынша қылмыстық іс қаралды.

"С.Жаманаев 2019 жылы бас бостандығынан айыру мекемесінен шыққаннан кейін ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарады. Бұл топқа тағы басқа 10 сотталған азамат кірген. Ол психикалық және физикалық қысым көрсету арқылы азаматтардың мүлкін бопсалау жолымен заңсыз баю мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ құрған", - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Тергеу барысында анықталғандай, 2019 жылы автожол құрылысына арналған ірі соманы қамтитын келісімшарт жасаған ЖШС басшысы ұйымдасқан қылмыстық топтың бопсалау нысанына айналған. ЖШС жетекшісімен кездескен олар Жаманаевты іскер серіктес етуге кәсіпкерді мәжбүрлеп көндіреді. Бизнесмен осы қамқорлық үшін бопсалаушыларға келісімшарт сомасының 10 процентін беруі керек болған.

"Құрылыс кезінде жәбірленуші белгілі бір себептерге байланысты нысандағы құрылысты аяқтамай, осы үшін тапсырыс берушіден тиісті соманы ала алмаған. Бірақ, Жаманаев жәбірленушіге қаражатты төлеуге уақыт беруден бас тартқан. Содан кейін Жаманаевтың жетекшілік етуімен қылмыстық топ ЖШС-дағы үлесі мен жер телімін басқа адамның атына тіркеу арқылы 33 миллион теңгеден астам ақша бопсалаған", - деді сотта.

Бопсалау кезінде жәбірленушіні екі рет ұрып-соққан. Жаманаев бұл заңсыздық кезінде өзі де болған.

Екінші жағдайда, қылмыстық топ мүшелері Серік Жаманаев түрмеде отырған кезде күтіп-баптауға үш жылқысын берген кәсіпкерге қысым көрсеткен. Бостандыққа шыққан Серік Голова жәбірленушіден 84 жылқы беруді талап еткен. Алайда, кәсіпкердің малдың қырылыуына байланысты бұл талапты орындай алматыны туралы түсіндірмесіне Жаманаевтың көңілі толмайды.

"Жаманаев қылмыстық топ мүшелерінің көмегімен Б. деген азаматтан өзі ойдан шығарған қарыздың өтелуін талап етіп, құны 41 миллион теңгені құрайтын мүлкін тартып алған. Оның ішінде автомобиль, қарда жүретін көлік, екі жер телімі бар. Бұл мүліктің барлығын өз туыстарының атына жаздырып алған", - деп мәлімдеді қалалық соттағылар.

Үшінші жағдайда Серік Жаманаев қайтыс болған жиенінің таныстарына қысым көрсеткен. Қылмыс әлемінің серкесі жиен қарындасы қайтыс болғанға дейін біреулерге 1  миллион 200 мың теңге қарызға бергенін, бірақ, бұл ақша әлі қайтарылмағанын біледі. Жаманаев мұны өз беделіне нұқсан келтіру деп бағалайды.

"Кек қайтару және баюды көздеген Жаманаев жиені және одан қарыз алған адамдардың арасындағы өзара байланысқа ешқандай қатысы жоқ С. және Ж. деген екі азаматтан ақша бопсалаған. Жаманаев пен ол құрған қылмыстық топ мүшелері жәбірленушілерді адам жоқ иен далаға алып барып, бес миллион теңге төлеу туралы заңсыз талап қояды. Олар жәбірленушілерді соққыға жыққан. С. алған жарақаттан келесі күні көз жұмды", - деп нақтылады соттың баспасөз қызметі.

Сотта Серік Жаманаев өз кінәсін мойындаудан бас тартса, ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелері тағылған айыпты мойындады.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылыған ауданаралық сотының үкімімен Серік Жаманаев кінәлі деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол алғашқы бес жыл жаза мерзімін толық қауіпсіздік режиміндегі мекемеде, қалған жазаны ерекше қауіпсіздік жағдайындағы мекемеде өтейді.

Сонымен қатар, оның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде табылған заңсыз жолмен табылған 1 750 000 теңге және 6 500 АҚШ доллары, сондай-ақ, қымбат автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді. 

Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелері жасалған қылмыстарға қатысу дәрежесіне байланысты бес жылдан он жылға дейін сотталды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтар
0