АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар суициді мен балалар арасындағы қудалауға қарсы мемлекеттік жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы Тоқаев Нұр-Сұлтанда өткен үкіметтің бірлескен отырысында мәлімдеді.
"Біз балалардың құқығын қорғауға байланысты ауқымды мәселелерді шешуіміз қажет. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу бойынша мемлекеттік бақылауды күшейтуіміз керек", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы проблемалармен күресудің тиімді жолын қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар президент Қазақстандағы омбудсмен институтына да тоқталды.
"Бізде омбудсмен институты бар. Алайда ол өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан жақын арада омбудсмен туралы арнайы заң қабылдауымыз керек", – деді Тоқаев.
Қазақстанда омбудсмен адам құқықтары жөніндегі уәкіл болып саналады. Ол азаматтардың құқығын мемлекеттік лауазымды тұлғалардың озбырлық әрекетінен қорғауға арналған. Омбудсмен институтының қызметі Қазақстанның БҰҰ-ның ратификацияланған конвенциялары негізінде халықаралық міндеттемелерге сәйкес және осындай мекемелердің әлемдік жұмыс тәжірибесіне сәйкес құрылады.
Оқи отырыңыз: Бас имам: суицид жасағандарды бөлек жерлеуге әуелде тұрғындар қарсы болды
Қазір Қазақстанда адам құқығы жөніндегі уәкіл – Эльвира Әзімова, ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл – Аружан Саин.