НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. "СК-Фармация" ЖШС бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісі жақына арада сотқа жіберіледі. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жақын арада іс сотқа жіберіледі. Тергеу аяқталды, іс материалдарымен танысу басталып кетті", - деді Шпекбаев журналистерге берген сұхбатында.
Агенттік басшысы Шәріптің айыпталушы ретінде жауапқа тартылып отырғанын хабарлады.
"Иә, іспен танысу басталды, адвокаттар бірқатар мәселесін жеткізді. Ең бастысы, іс аяқталды. Жақын арада іспен танысу аяқталады. Сол кезде оны сотқа жолдайды", - деп атап өтті Шпекбаев.
Оның сөзіне қарағанда, "СК-Фармацияның" экс-басшысын қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін айыптаған. Қазіргі кезде қылмыстық іс жүктелген міндетке салғырт қарау бабына ауыстырылып отыр.
Оқи отырыңыз: "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы ұсталды
Айта кетейік, 2020 жылы 10 шілде күні өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" ЖШС жұмысын сынға алып, басшылығын жұмыстан босатуды тапсырған. Қажет болса тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берген. Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды.
Жұмағұловтың орнына басқа адам тағайындалды. Ал Берік Шәріп тергеуге алынды. 14 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оның ұсталғанын мәлімдеді. Ол төтенше жағдай жарияланған кезеңде медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттігін теріс пайдаланған.