НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Орталық сайлау комиссияның төрағасы Берік Имашев жаңадан сайланған депутаттардың куәліктерін тапсырды. Мәжілісменнің омырауға тағатын белгісін Дариға Назарбаева да алды.
Бүгінгі шараға біраз адам жиналды. Жаңадан сайланған депутаттар мен комиссия мүшелерінен бөлек бұқаралық ақпарат өкілдері де болды. Осыған байланысты қатаң сақтық шаралары қолға алынды. Сенаттың экс-төрағасы Дариға Назарбаева да барлық санитарлық талапты сақтады. Ал қара түсті бетпердесінде "Spread Love Not Virus" (Вирус емес - махаббат таратыңыз") деген жазу бар.
Комиссия төрағасы әрбір депутаттың куәлігі мен белгісін өзі тапсырды. Берік Имашев қолғаппен болды. Ешкіммен қол алысқан жоқ. Оның орнына әрбіреуін шынтақ тигізу арқылы құттықтады.
Ал Азат Перуашев пен Нұрлан Нығматулин жұдырық түйістіріп амандасты.
Мәжіліс сайлауы
Осы жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда парламент сайлауы өтті.
Сайлау нәтижесі бойынша:
Nur Otan партиясы – 71,09%;
"Ақ жол" демократиялық партиясы – 10,95%;
Қазақстан халық партиясы – 9,1%;
"Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы – 5,29%;
"Адал" партиясы – 3,57%.
Сайлаушылардың 7%-тен астам дауысын жинаған партиялар парламенттің төменгі палатасына өтті.
12 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы үш партияның қанша мандат алғанын жариялады. "Nur Otan" партиясы – 76 мандат, "Ақ жол" демократиялық партиясы – 12 мандат, ал Қазақстанның халық партиясы 10 мандат алды.
Қазақстанда VII шақырылымдағы мәжіліс депутаттарының толық тізімін мына жерден көруге болады.