Қоғам

Өткен сайлауға қатысты екі шағым сотта қаралды

© Sputnik / Владислав ВодневНаблюдатели на выборах
Наблюдатели на выборах  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі мен "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" қоғамдық қоры сотқа шағым түсірген

НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. 10-11 қаңтар аралығында соттарға сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты екі шағым түсті. Екеуі де Алматы қаласында қаралды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бір шағым "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің атынан Медеу аудандық сотына түскен. Оған сәйкес, сайлау учаскесінде ұйым бақылаушысын тіркеуден бас тартқан және ішке кіруге рұқсат бермеген. Осыған байланысты бірлестік учаскелік сайлау комиссиясының әрекетін заңсыз деп тануды және бақылаушы ретінде тіркеуге міндеттеуді сұраған.

"Сайлау туралы" заң бақылаушыдан өкілеттігін жазбаша растауды талап етеді. Бұл құжат бақылаушының тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып ұсынған ұйымның мөрімен бекітілуі тиіс. Бұған қоса, бақылаушы жеке куәлігін көрсетуге міндетті. Осы талаптардың барлығын бақылаушы болуға тілек білдірген тұлға орындамаған. Сол себепті сот қоғамдық бірлестіктің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты", - деп жазды Сәдуақасов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Дәл сондай шағым №2 Алмалы аудандық сотына "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" қоғамдық қоры тарапынан түсті. Ұйым бақылаушысын сайлау учаскесіне бос орындардың болмауына байланысты кіргізбеген.

Сотта комиссия өкілінің бақылаушыны кіргізуден және тіркеуден бас тартпағаны анықталды. Ол бақылаушыларға бөлінген орынның босағанын күте тұруға өтініш жасапты. Себебі оны отырғызғанда әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтау мүмкін болмады. Ал сайлау учаскесінде қоғамдық бақылаушыларға бөлінген орындар санитарлық нормалар мен COVID-19-дың алдын алу жөніндегі алгоритмге сәйкес орналастырылған.

"Таңдайтын балама болмады": ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауға баға берді

"Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс талаптары мен жоғарыда аталған алгоритмді бекіту туралы бас санитар дәрігер қаулысының нормалары міндетті түрде орындалуға тиіс. Осыған байланысты сот қоғамдық қордың талабын орындаудан бас тартты", - дейді Сәдуақасов.

Оның сөзіне қарағанда, бірқатар арыз-шағым кері қайтарылды. Себебі нақты талаптар мен заңның қандай нормалары бұзылғаны көрсетілмеген.

Жаңалықтар
0