Қоғам

Бірде-бір сайлаудан қалмаған алматылық отбасылық дәстүр туралы айтып берді

© Sputnik / Айгерім ТаубайАлматы тұрғыны Асан Смағұлов
Алматы тұрғыны Асан Смағұлов  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде бірде-бір сайлаудан қалмай, дауыс беріп жүрген азамат Асан Смағұлов бұл отбасылық дәстүрдің қалай қалыптасқанын айтып берді

АЛМАТЫ, 7 қаңтар – Sputnik. Алматылық Асан Смағұлов 40 жылдан бері бірде-бір сайлаудан қалмай, дауыс беруді азаматтық ұстанымы деп есептейді. Өзін патриот санайтын азамат сайлау сайын отбасында дауысты кімге беретінін талқылап, жақындарымен бірге сайлау учаскесіне барады. 10 қаңтарда Қазақстанда парламент мәжілісі сайлауы өтеді. Осы науқан қарсаңында алматылық азамат Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, әкеден балаға берілген дәстүр жайлы айтып берді.

Отбасымен бірге дауыс береді

57 жастағы Асан Смағұлов ешқандай партияға мүше болмаған. Ал алғаш рет сайлауға Кеңес Одағы ыдырамай тұрған уақытта қатысқан. Ол шақтағы естеліктер еміс-еміс есінде болғанымен, тәуелсіздік жылдарындағы сайлаудың бәрі күні кеше өткендей жадында сақтаулы.

"Кімге немесе қай партияға дауыс беретінімді алдын ала отбасыммен бірге талқылаймын. Сайлау күні таңғы алтыда дауыс беруге барамыз. Сол күн біз үшін мейрам сияқты, дауыс берген соң үйге келіп тағы да талқылап отырамыз. Бұл біздің әкемізден қалған дәстүр. Ол кісі бозбала шағымызда ерте тұрғызып, сайлауға апаратын. "Дауыс беріп келіп, малға қарау керек" деп отыратын. Бұл солай қалыптасты", - дейді алматылық.

Айтуынша, Смағұловтар отбасының сайлау қарсаңындағы мақсаты – сенімді адамға дауыс беру. Сайлаудың халыққа қандай да бір пайдасы тисе екен деген оймен барады. Алайда алматылық Асан Смағұловты оппозиционер деп ойлайтындар да бар екен. Өзі мұны жоққа шығарып, ел игілігі үшін идея тастауға ұмтылатынын жеткізді.

Әңгіме барысында дауыс беру кезінде кандидатқа қандай талап қоятынын, партияларды бір-бірінен қалай дұрыс ажыратып, неге басымдық беретінін де сұрадық.

"Ең алдымен партиялардың сайлауалды бағдарламасымен толық танысып шығамын. Бағдарламаны арнайы мамандар жазып шығатыны анық. Ал біреудің идеясын екінші адамның іске асыруы да оңай шаруа емес. Сондай сәтте партияның құрамындағы беделді адамдарды қарап шығамыз. Партияны басқарып отырған адамдардың адамгершілік қасиетіне қараймыз", - дейді Смағұлов.

Айтуынша, партия мүшелерінің қай жақтың тумасы екені, қай оқу орнын бітіргені, білімі мен қазақы болмысының қандай деңгейде екеніне зерттеу жүргізеді.

"Мына азаматтың білімі Қазақстанға керек екен" деп баға береміз. Арасында тиіп-қашып, партияға мүше адамдардың санын көбейтіп жүргені де көрініп қалады", - дейді Асан Смағұлов.

Сайлауға емес, жаназаға барғандай...

"Бұрын адамдар сайлау десе, той секілді қабылдайтын. Асығып, әуендетіп, әндетіп баратын. Керемет еді. Ал кейінгі кезде сайлауға барғаны жаназаға барғандай көрінеді. Кейінгі он жылда бұрынғыдай көңіл-күй жоқ. Үйге келген соң осыны талқылаймыз", - дейді ол.

Айтуынша, отбасы ішінде демократия бар. Кейде жақындарының саяси көзқарасы Асан Смағұловтың ойымен сәйкес келмейтін кездер болады.

"Көп жағдайда бала саясатқа дайын болмайды. Өсе келе өз көзқарасын айта бастайды. Сондай сәтте нақты деректер келтіріп, түсіндіруге тырысамын. Ойын қатты өзгертіп жібермеймін және соңғы шешімді өзіне қалдырамын", - деді ол.

Асан Смағұлов биыл екінші рет сайлауда тәуелсіз бақылаушы болмақ. Айтуынша, 30 жылдың ішінде 2019 жылы өткен президент сайлауы қатты есінде сақталған. Себебі сол уақытта алғаш рет сайлауда бақылаушы болып, ішкі жұмыстармен танысқан.

"Сол сайлауда түнгі сағат 12-ге дейін бақылаушы болып отырдым. Сағат 11-ден кейін дауыс санау басталды. Біз әлі хаттаманы тіркеп үлгермей тұрып, теледидардан Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жеткенін хабарлады. Сол мені қатты таңғалдырды", - дейді Смағұлов.

Оқи отырыңыз: Сайлауда сыйлықтар беріле ме – комиссия өкілдері жауап берді

Алайда сол сайлаудан кейін көп жағдай өзгерді, үкімет халыққа көңіл бөле бастады, деп толықтырды ол.

"1991 жылы өзім жас болдым, отбасы, бала-шаға болмады. Ол кезде Қазақстанды қазақ басқарсын деген арман болды. Өзіміз ел боламыз деген қуаныштың лебі сезілді. Ол сайлау да той сияқты өтті. Қазақстан жеке мемлекет болды деп қуандық", - дейді ол.

Алматылық азамат сайлауға аса жауапкершілікпен қарайды. Тұрақты түрде өзі тіркелген сайлау учаскесінде дауыс береді. Бірде басқа қалада іссапарда жүрген кезде дауыс беру үшін арнайы Алматыға келген.

"Астанада іссапарда жүрген кезімде сайлау қарсаңында он күн бұрын Алматыға келдім. Үнемі өз ауданымдағы сайлау учаскесінде дауыс беремін", - деді ол.

Айтуынша, таңертең ерте барып, дауыс беретіндер – егде жастағы кісілер, зейнеткерлер. Асан Смағұлов биыл да ерте барып дауыс беретінін айтты. Себебі өзі тіркелген сайлау учаскесінде дауыс беріп, тәуелсіз бақылаушы болатын басқа учаскеге де уақытында баруы керек.

"Сайлауға бару – өмірлік ұстанымым. Өзім сенетін адамға немесе партияға дауыс беруім қажет деп санаймын. Ал мәжіліс сайлауына бес партия түсіп жатыр, оның екеуі ойыннан шығып қалады деп ойлаймын", - дейді Смағұлов.

"Мен әлі нақты кімге дауыс беретінімді шешкен жоқпын, ойлануға әлі уақыт бар", - деді ол.

Сайлауға қай уақытта барған дұрыс?

"Дауыс көп дүниені шешеді. Кімнің қай партияға дауыс бергенінен бұрын, бақылаушылардың қызметіне басымдық берген дұрыс. Сайлау кезінде үгіт-насихат тоқтауы керек. Алайда ол дауыс беріп жатқан кезде де жалғасады. Басшылық қоластындағы адамдарды бақылап, бюллетеньді фотоға түсіруді сұрайды. Мұны бақылауға бізде мүмкіндік болмайды", - дейді алматылық.

Ал суретші-мүсінші болып жұмыс істейтін алматылықтың өзіне мұндай тапсырма ешқашан берілмеген. Айтуынша, жан-жағындағылар саяси ұстанымын біледі, сол себепті тісі батпаған. Алты жыл өнер академиясында сабақ берген. Ол кезде де дауыс беру жағынан қысым болмаған.

Сонымен қатар азамат сайлауға ерте барып дауыс беруге шақырды. Ол уақытта адам қарасы да аз болады, көңіл-күй де көтеріліп қалады.

"Әр адамның жеке пікірі болуы қажет. Сайлауға келіп, дауыс беру керек. Егер адам сайлауға бармаса, дауыс бермесе, бюллетень бос қалса, оның дауысы оңды-солды кетуі мүмкін. Азамат келіп, дауыс беруі қажет, ал қалған жұмыс бақылаушының еншісіне қалады", - деді ол.

Алматылық дауыс беруге келіп, сайлау бюллетенін сызып, сурет салып кететіндердің жеке пікірі жоқ деп санайды.

Сонымен қатар сайлау учаскесіне бірінші болып барып, дауыс берген кезде өзін нағыз патриот сезінетінін, соның арқасында күні бойы көңіл-күйі көтеріңкі жүретінін жеткізді.

Жаңалықтар
0