Қоғам

Тышқан жылы бүкіл Қазақстанды дүрліктірген оқиғалар - видео

© Sputnik / Тимур БатыршинСитуация в Кордайском районе
Ситуация в Кордайском районе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Sputnik Қазақстан тілшісі 2020 жылы жұрттың жағасын ұстатып, ел аузында болған басты оқиғаларға шолу ұсынады

АЛМАТЫ, 3 қаңтар – Sputnik. 2020 жылы Қазақстанның әлеуметтік, қоғамдық һәм саяси өмірінде даулы оқиға аз болған жоқ. Басым бөлігіне мемлекет басшысы араласып, пікір білдірді. Біраз мәселе президенттің тапсырмасымен шешілді.

Қордайдағы қақтығыс

Қазақ, орыс пен дүнген қатар қоныстанған Қордай ауданы Масанчи ауылында ақпанның басында тұрғындар арасында қақтығыс болды. Жаппай төбелес соңы тәртіпсіздікке ұласып, 8 ақпанда сол өңірде техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.

Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарындағы тәртіпсіздікке 2 мыңға жуық адам қатысты, салдарынан 11 адам қайтыс болды. Он адам кісі қолынан көз жұмса, бір адам өртенген сауда үйінің астында қалып мерт болды. 140 азамат, 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды.

Содан кейін 400-ден астам сот-сараптама жүргізіліп, бір жарым мың адамнан жауап алынды. 120-дан астам қылмыстық іс тергеліп, 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, арасында қазақ та, дүнген де бар.

Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 5 шаруашылық ғимарат өртенген. Оның барлығы демеушілер қаражатына жөнделді. Ал үйі өртенген отбасыларға облыстық резервтен 20,6 миллион теңге қаражат бөлінді.

Бірінші наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайда болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Оның алдында президент бұл қақтығысты жергілікті тұрғындар арасындағы жаппай төбелес, жанжал деп бағалады.

Мақтааралды су басты

Мамырдың алғашқы күнінде Түркістан облысында Өзбекстанмен шекаралас жатқан Мақтаарал ауданының екі ауылы су астында қалды. Бірінші мамырда таңғы бес шамасында Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба ауданы аймағын су басты. Су ағынын азайту үшін өзбек тарапы суару каналдары желісіне шлюзді ашты, салдарынан Түркістан облысындағы Жеңіс және Жаңа Тұрмыс елді мекендерін су шайып кетті. Содан кейін өңірде техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Елді мекендерден 31 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Алайда екі ауылдың тұрғындары үй-жайсыз, құжатсыз қалды. Содан кейін мемлекет тарапынан әр адамға 100 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.

Ал су астында қалған ауылдардың орнына шағын аудан тұрғызу туралы шешім қабылданды.

Қиын-қыстау сәтте бай-бағландар шетте қалмай, ресейлік кәсіпкер Әлішер Османов тұрғындарға көмек ретінде 5 миллион доллар аударды. Ізін суытпай қазақстандық бизнесмен ауданда үй салу үшін 6 миллион доллар аударды. Болат Өтемұратов қорынан аударылған бұл қаражатқа 150 жаңа үй салынды.

Төтенше жағдай болғаннан екі апта өткен соң өңірде жаңа үйлер салу бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Қазанның ортасында 400-ге жуық отбасы жаңа үйге кірді. 70 гектар жерде орналасқан жаңа ауданға Жеңіс, Жаңа Тұрмыс және Достық ауылының тұрғындары көшіп келді.

Пандемия кезіндегі салют

Коронавирус пандемиясына байланысты шілдеде адам шығыны көп болды. Коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар саны көбейіп жатқан кезде елорда төрінде отшашу шашылды.

Қала билігі бұл отшашуды Астана күніне арнады. Соған байланысты жақыны мен туысынан айырылып, қабырғасы қайысып, қан жұтып отырған қазақстандықтар желіде қала билігінің бұл әрекетін сынға алды, наразылық білдірді.

Болары болып, бояуы сіңген соң Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы бұл отшашудың жыл басында жоспарланып қойғанын желеу етті.

"Бұл фейерверк қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған", - деп жауап берді қаланың мәдениет басқармасы. Алайда бұл уақытта дәрігерлер өмір үшін күрес жүргізді, отшашуға зәру емес еді.

Қаланың үш жерінде ұйымдастырылған отшашуға қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де наразылық білдірді. Оған дейін желіде саяси-қоғамдық мәселеге қатысты ойын жариялай бермейтін Құдайбергенов "ненің құрметіне?" деп шенеуніктерге шүйлікті.

"Ненің құрметіне салют атылып жатыр??? Коронавирусты жұқтыру бойынша бірінші орында тұрғанымыз үшін бе? Адамдар оттегі баллонын таба алмай жатқан кезде астанада отшашу ұйымдастырылып жатыр. Дәл осылай жалғастыра беріңдер, сонда келесі жылы тойлайтын адам қалмайды", - деп жазды Димаш Құдайберген.

Осы жағдайдан кейін болар, Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдері жаңа жыл қарсаңында отшашу ұйымдастырмау туралы шешім қабылдады.

Блок бекеттегі полицейлер қазасы

Коронавирус пандемиясына байланысты қала мен облыстардың бәрінде блок бекеттер орнатылды. Карантин шаралары жеңілдеген тұста Алматы облысында қайғылы жағдай болды. Қоғамдық тәртіпті бақылау бойынша қызмет етіп жүрген екі полицей бұрынғы әріптесінің әрекетінен көз жұмды.

26 жастағы көлік жүргізушісі 25 мамырда таңғы алты шамасында блок бекет қоршауына, одан кейін парульдік көлікке соқтығысты. Көліктің ішінде екі полицей болған, оның бірі 42 жастағы Жалғас Жанғазиев жедел жәрдем келгенше жан тапсырды. Артында екі қызы қалды.

Ал оның әріптесі Дастан Әбдіқанов ауыр хәлде жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимасан бақилық болды. Артында әйелі мен ұлы қалды.

© Photo : Polisia.kzАлматы блок бекетіндегі жол апаты
Тышқан жылы бүкіл Қазақстанды дүрліктірген оқиғалар - видео - Sputnik Қазақстан
Алматы блок бекетіндегі жол апаты

Жарақат алған үшінші полицей бірнеше ай бойы дәрігерлердің бақылауында болып, аяққа тұрды.

Содан кейін көлік тізгінінде ішкі істер органдарында 6 жыл қызмет еткен азаматтың болғаны хабарланды. Апат күні ол мас болған. Ең қызығы, Азат Азаматов апат болардан төрт күн бұрын қызметінен босатылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызмет бабы кезінде көз жұмған Жарас Жанғазиевті ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, Дастан Әбдіқановты ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттады. Марқұмдардың отбасына Алматы әкімі пәтер кілтін табыстады.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Жанғазиевтің отбасына 9 миллион теңге, Әбдіқановтың туыстарына 7,5 миллион теңге өтемақы берілді.

© Sputnik / Тимур БатыршинЕкі полицейдің қазасына кінәлі Азат Азаматов
Тышқан жылы бүкіл Қазақстанды дүрліктірген оқиғалар - видео - Sputnik Қазақстан
Екі полицейдің қазасына кінәлі Азат Азаматов

Қыркүйекте екі полицейдің қазасына кінәлі азаматтың ісі бойынша сот өтті. Ол көлік айдау қағидаттарын бұзу бабы бойынша айыпталды. Сот отырысы кезінде ол кінәсін мойындады, өкінетінін жеткізді

Сондай-ақ, айыпталушы жол апаты кезінде ұйықтап қалғанын және есінде ештеңе қалмағанын айтты. Оның сөзінше, 24 мамыр күні оны Көксай кентіне кездесуге шақырған, сол жерде көлікте отырып сыра ішкен. 

"Жол полициясында жұмыс істейтін үш әріптесіммен сыра іштім. Олар – менің бұрынғы әріптестерім. Менің есімде басқа ештеңе жоқ, есімді жисам, ауруханада жатырмын. Менің жол апатына кінәлі екенімді айтты. Оқиғаның қалай болғанын білмеймін", - деді Азат Азаматов.

Осылайша, 26 жастағы Азаматов сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қоғам белсендісі изоляторда жан тапсырды

25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділ қайтыс болды. Ол төрт адаммен бірге изоляторда отырған. Полицияның айтуынша, Ағаділге зорлық-зомбылық жасалмаған. Сот сараптамасы қоғам белсендісінің ұсталған кезде мас болғанын көрсетті.

Ал оның алдында Дулат Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпталушы танылып, ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алуға алмастырды.

Ел ішінде қызу талқыланған осы жағдайға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді.

"Қоғамдық резонансты ескере отырып, мен бұл іспен жете таныстым. Өкінішке қарай, белсенді Ағаділ жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды деп сеніммен айта аламын. Себепті басқадан іздеу – шындықты бұрмалау деген сөз", - деді Тоқаев.

Ал қарашада Нұр-Сұлтанда Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлын пышақтап кетті. Жас жігіт алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

СancelBorat немесе Боратқа қарсы петиция

Бірнеше жыл бұрын қазақстандықтардың ашуына тиген "Борат" фильмінің екінші бөлімі шықты. Фильмде қазақстандық журналист Америкаға барады, туындыда Қазақстанның мемлекеттік туы қолданылған.

Екінші бөлімнің сюжеті бойынша, ойдан шығарылған кейіпкер, қазақстандық журналист Борат тағы да АҚШ-қа барады. Ол америкалықтардың әдеттегі өмір салтын гротеск тәсілімен мазақ ете келе, президенттік сайлау қарсаңындағы елдің саяси өмірін зерттейді.

Жаңа трейлер шыққаннан кейін көптеген қазақстандық фильмді теріс бағалады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде "Бораттың" жалғасының шығуына қарсы флешмоб ұйымдастырылды. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар қосылды, олар #СancelBorat хэштегімен өздерінің ашу-ызасын білдірді.

Фильм желіде пайда болған күні қазақстандық белсенді жастар жиналып, АҚШ-тың бас консулдығына келді. Олар фильмге тыйым салуды талап етіп, петиция ұсынды. Петицияға 50 адам қол қойды. Дипломаттар жастардың петициясын қабылдады.

Содан кейін Американың бас консулдығы АҚШ-тың бұл фильмді қаржыландырмағаны және шығаруға қатыспағанын айтты.

Ал кейіннен фильмнің авторы Саша Барон Коэн "Борат" және "Борат-2" фильмінде неге Қазақстан атын пайдаланғанын түсіндірді.

"Бұл – комедия, фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдадым. Соның арқасында ерсі, комедиялық, жалған әлемді көрсете алдық. Нағыз Қазақстан – заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел", - деді Коэн.

Желіде фильм авторларының Қазақстанның туын оңды-солды қолданып жүрген видеосы тарады. Біраз қазақстандық тағы да наразылық білдірді.

Араға көп уақыт салмай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелеріне өзгеріс енгізу қажет екенін айтты. Осылайша, туды балконға, үйдің қабырғасына ілуге рұқсат берлді. 2020 жылы қазақстандықтар Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ту іліп, арнайы флешмою ұйымдастырды.

Қазақстандықтар Көбейтұздан тұз тасыды

Коронавирус инфекциясынан ем іздегендер лимон мен сарымсақты қойып, көлдегі тұзды жинауға кіріскен еді. Ерекше қызғылт түсті Көбейтұз көліне барушылар қатары артып, шелек-шелекпен тұз тасығандардың фотосы желіні шарлап жүрді.

Содан кейін табиғатты қорғау мен экологияға бей-жай қарамайтындар дабыл қағып, ол президенттің құлағына жетті.

Мемлекет басшысы азаматтардың табиғи орындардағы мәдениетсіздігі тоқтамай тұрғанын, қазақстандықтардың көлге орасан зор зиян келтіргенін баса айтты. Осы іске байланысты бірақатар министрлікке тапсырма берді. Білім, экология, ақпарат министрліктеріне осы мәселеге басым бағыт ретінде қарау тапсырылды.

Сөйтіп, Ақмола облысының Ерейментау ауданының әкімдігі Көбейтұз, Теңіз, Құрбет және Қоржынкөл көліне адамдардың келуіне тыйым салу туралы шешім қабылдады. Сирек кездесетін бұл көлге ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесі берілетін болды.

Қонаевты "қорлағаны" ма?

Күзде әлеуметтік желіде Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің фотосы мен видеосы пайда болды. Содан желі қолданушылары бұл ескерткіштің талғамсыз жасалғанын жарыса жазған еді. Дінмұхамед Қонаевтың басы кішкентай, ал денесі тым жалпақ және ұзын болып шыққан.

Содан кейін Алматы облысы мәдениет басқармасы ескерткішті орнату бойынша құжаттың облыс көлемінде мақұлданғанын, алайда соңғы шешімді қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласына жіберілгенін айтты.

© Photo : Olzhas Muhamedi/facebookЖұрттың наразылығын тудырған Дінмұхамед Қонаев ескерткіші
Тышқан жылы бүкіл Қазақстанды дүрліктірген оқиғалар - видео - Sputnik Қазақстан
Жұрттың наразылығын тудырған Дінмұхамед Қонаев ескерткіші

Ескерткішті орнатуды Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы Қонаев саябағына орнатуды Балқаш аудандық әкімдігі ұсынған. Эскиздегі ескерткіш пен желіде тараған фото арасындағы айырмашылықтың үлкен екенін байқаған соң арнайы комиссия құрылды. Комиссия шешімімен ескерткіштің құрылыс жұмыстары тоқтатылды.

Мәдениет басқармасының айтуынша, қоғам қайраткеріне арналған ескерткіш мемлекеттік комиссия шешімін күтпестен бұрын орнатылған.

Осылаша арнайы комиссия жұмыстағы олқылықтарды жоюға уақыт берді.

"Ханның қызысыз ба, Гүлшара Наушақызы?"

Қазақстандағы алғашқы әйел әкім Гүлшара Әбдіқалықова биыл желіде "ханның қызы" атанды. Қызылорда облысын басқарып отырған Әбдіқалықованың жолында кездескен жергілікті тұрғын шілдеде желіні бір шулатып алған еді.

Жаңақорған ауданының тұрғыны әкім келеді деп жолдың жабылғанын, күннің ыстығында жаяу келуге мәжбүр болғанын айтып видео түсірді. Ауруханаларды аралап жүрген Әбдіқалықованы көрген кезде, "Келе жатырмын деп жолды жаптырдыңыз ба? Бізді жолдан түсіріп кетті. Жолды жаптыратын ханның қызысыз ба?" деп тап берді.

Әкімдердің халықты қорлайтынын, бірге емес екенін айтып наразылық білдірді.

Сол сәтте облыс әкімі жолды жаптырмағанын айтты. Бірнеше сағат өткен соң арнайы видео жариялап, жағдайды түсіндірді.

"Мен жолды жабу туралы тапсырма берген жоқпын, аудан әкімі де ешқандай тапсырма бермеді. Сол жердегі ішкі істер бөлімінің басшысы да ондай тапсырма берілмегенін айтып отыр. Бұл учаскелік полицияның шешімі болса, оның іс-әрекетіне қатысты облыстық департамент басшысына тапсырма бердім", - деді Әбдіқалықова.

Осылайша, "ханның қызына" қатысты дау учаскелік полицияның "шешімінен" туған еді.

Жаңалықтар
0