12:59 18 Қаңтар 2021
Тікелей эфир
  • USD420.71
  • EUR516.13
  • RUB5.65
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
871 0 0

Мақпал Жүнісова мен Майра Ілиясова жаңа жылда жыл сайын үйде, отбасымен бірге қарсы алатынын айтты. Ілиясова мерекені тойлау үшін елордадан Алматыға келеді, ал Жүнісова қызымен бірге концерт тамашалайды

АЛМАТЫ, 31 желтоқсан – Sputnik. Жаңа жыл – отбасылық мереке. Бұл күні халықтың басым бөлігі теледидар алдында отырып, мерекелік концерт тамашалайды, әртістердің өнеріне сүйсіне қарап, Жаңа жылды қарсы алады. Ал көгілдір экранның ар жағындағы әртістер мерекені қалай қарсы алады?

Sputnik Қазақстан тілшісі әншілерге хабарласып, жаңа жылды қарсы алуға қатысты отбасылық дәстүрі жайлы сұрады.

Енді хабарласпайды...

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова жаңа жылды қызы Мереймен бірге қарсы алатынын айтты.

"Бұл – отбасылық мереке. Барлығы үйінде отырады, өзінше бата жасайды. Әркім жаңа жылдан жақсылық пен жақсы жаңалық күтеді. Үйде қызыммен бірге қарсы аламын", - дейді Мақпал Жүнісова.

Айтуынша, үйде болған соң міндетті түрде телеарналардан концерт тамашалайды.

"Ұйқы келгенше ояу отырып, концерт көреміз. Биыл түнгі 3-ке дейін концерт көремін деп отырмын, әрі қарай қалғып отырып тыңдаймын. Кейде таң атқанша ресейлік әншілерді тыңдағымыз келеді, өзіміздің жұлдыздарды, жас әншілерді көргіміз келеді. Әр концерттен жаңалық іздейміз, біз танымайтын жастардың шыққанын күтіп отырамын", - дейді әнші.

Сонымен қатар әнші 2020 жылы дүниеден өткен достарын еске алатынын айтты.

"Өкінішке қарай, өткен жылы нәубет жүрегімізді ауыртып, талай адамды алып кетті. Сол кісілерді де еске алып отырамыз. Жыл сайын "жаңа жылыңмен!" деп айғайлап сөйлейтін Берік Ысмайылов биыл хабарласпайды. Жақын араласқан Мұрат Ерғалиев хабарласпайды. Кейде осындай хабар естігенде жүрегім атылып кететіндей болады, жаңа жылда мұндай хабар естімей-ақ қояйық", - деді Жүнісова

Әңгіме барысында Мақпал Жүнісова елге амандық, әр отбасыға шаттық тіледі.

Отбасылық дәстүр

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Майра Ілиясова отбасында 14 жылдан бері жаңа жылды қарсы алуға қатысты дәстүр бар екенін айтты.

"31 желтоқсанда Алматыда боламын. Туыстардың, құда-құдағидың, төрт немеремнің жанында болып, бір жерде қарсы аламыз. Жалғыз қызымның тұрмыс құрғанына 14 жыл болды. Бұл дәстүр солай қалыптасып кетті", - дейді Ілиясова.

Айтуынша, биыл жаңа жыл алдындағы арнайы бағдарламалар ерекше дайындықпен түсірілді.

"Карантин болғанына қарамастан үш телеарнаның жаңа жылдық концертіне қатыстым. Көптен бері сахнаны сағынғаннан болар, үлкен ләззат алдым. Астана телеарнасының түсірілімі Шымкентте өтті. Естуімше, концертке 300-ге жуық әнші қатысыпты. Концертті бірнеше топқа бөліп түсірді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жаңа жылдық бағдарламаға ерекше көңіл бөлінген", - деді әнші.

Оқи отырыңыз: Сиыр жылы қазақ үшін жайлы бола ма - этнограф 2021 жыл қандай болатынын айтты

Ол өзі түскен үш телеарнаның бағдарламасын арнайы көріп шығатынын айтты.

"Үш концерт теледидарда қатар басталады. Қайсысын көреді екенмін деп ойланып отырмын. Арналарды ауыстырып, көріп отыратын шығармын. Немерелерімнің жанында, қонақтармен отырған кезде көре алмай қалсам, кейінірек мүмкіндік болады. Бәрін қайталап береді", - дейді әнші.

Майра Ілиясованың айтуынша, 2020 жыл өзі үшін жемісті болды. Ойға алған жобаларын орындап, келер жылға да жоспар құрып қойған.

"Өткен жылға ризамын. Жаңа жылда барша қазақстандыққа жақсылық тілеймін, 2021 жыл жайлы жыл болсын деп тілеймін. Жайлы сөзінің мағынасы терең. Еліміз жасай берсін, Қазақстанда молшылық болсын", - деп түйіндеді Ілиясова.

Айта кетейік, қазақстандықтар жаңа жылда 1, 2, 3, 4 қаңтар қатарынан төрт күн демалады.

Загрузка...

Басты тақырып