НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Жаңа жыл қарсаңында ішкі істер органдары күшейтілген қызмет түріне көшеді. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, полиция құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, заңбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде.
"Жаңа жыл қарсаңында ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне көшеді. Құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларға уақытылы ден қою үшін мерекелік іс-шаралар кезінде полиция автопатрульдерінің саны көбейтіледі", - деді Ораз ішкі істер министрлігінің брифингінде.
Сондай-ақ, адамдардың жаппай қыдыратын орындарында, көшелерде полиция нарядтарының, оның ішінде жаяу нарядтардың саны артады.
Қоғамдық орындарда бейнебақылау күшейтіледі.
Мереке қарсаңында министрлік тұрғындарға өз мүлкіне мұқият болуға, карантин мен денсаулық сақтау ұйымдарының ұсыныстарын ұстануға кеңес берді.
Сонымен қатар, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салды.
Полиция жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді сату және оны адамдар көп жиналатын жерлерде пайдалануға жол бермеу бойынша тексеріс жүргізеді. Тәртіп сақшылары пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрады.