Қоғам

"Айыппұл сала алмайды": мониторингтік топтардың жұмысына өзгеріс енгізілді

© REUTERS / PETER NICHOLLSДевушка в маске протирает стекло в кафе после ослабления карантина
Девушка в маске протирает стекло в кафе после ослабления карантина  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жаңа тәртіпке сәйкес, мониторингтік топтар бизнеске 5 талаптың сақталуы тұрғысынан ғана тексеріс жасай алады

НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Үкімет мониторингтік топтардың жұмысына қатысты жаңартылған алгоритмді бекітті. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-омбудсмен кеңсесінің бастамасы бойынша мониторингтік топтардың жұмыс алгоритміне өзгеріс енгізілді!", - деп жазды Жүрсінов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, бұған дейінгі алгоритмде көп нәрсе ескерілмеді. Атап айтқанда, мониторингтік топтар құрамының ашықтығы, тексеріс жасау себептері мен оны жүргізу тәртібіне қатысты бірқатар сұрақ болған. 19 желтоқсан күні үкімет жаңартылған алгоритмді бекітті. Соның аясында біраз мәселе айқындалды. 

Жаңа тәртіпке сәйкес, мониторингтік топтар бизнеске 5 талаптың сақталуы тұрғысынан ғана тексеріс жасай алады. Олар:

  1. жұмыс режимін сақтау;
  2. адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуден бас тарту;
  3. әлеуметтік қашықтықты сақтамау;
  4. маска режимін сақтамау;
  5. келушілер санының лимиттен асып кетуі.

"Мониторингтік топ осы бес заң бұзушылықтың біреуін анықтаған жағдайда ол кәсіпкерге айыппұл сала алмайды. Материалдар санитар дәрігердің тексеруінсіз әкімшілік іс жүргізу үшін СЭС-ке жіберіледі немесе шұғыл хабарлама жасалады, ал СЭС инспекторы кәсіпкерді тексереді", - дейді Жүрсінов.  

Бұдан бөлек, санитар дәрігер кәсіпкерлік нысанды тексеру парағында қарастырылған талаптарды сақтау жағынан тексере алады. Қазіргі кезде 24 талап бар. Бірақ жақын арада оны 20-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

"Тағы бір маңызды жаңалық, енді әкімдіктер мониторингтік топтар тексеруге шықпас бұрын олардың дербес құрамын өз сайттарында жариялауға, ал мониторингтік топтардың мүшелері бар болған жағдайда қызметтік куәліктерін көрсетуге міндетті болады. Осылайша, кәсіпкерлер, шынымен де, заңды бақылау тобының келгеніне көз жеткізе алады", - деп атап көрсетті омбудсмен.

Сондай-ақ, алгоритмде мониторингтік топтың рейдтік іс-шаралар жасалатын аумақты алдын ала айқындап алу мәселесі де ескерілген. Соның арқасында топтарды цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік бар. Алайда, әзірше, цифрлық мониторинг пилоттық режимде тек Түркістан облысында ғана қолға алынып отыр. Омбудсмен осы тәжірибені республика бойынша тезірек тарату қажеттігін жеткізді. 

Осы орайда Жүрсінов мониторингтік топ мүшелері тарапынан заңға қайшы әрекет жасалса, 1432 қысқа нөмірі бойынша ҰКП call center-ге хабарласу қажеттігін жазды. Ал сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері болса, 1424 қысқа нөмірі арқылы хабар беру керек.

Жаңалықтар
0