Қоғам

Наурызда қазақстандықтарға жаппай отандық вакцина салына бастайды - Мамин

Жазылу
Отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың I және II кезеңі жүргізілген, енді желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталады

НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады, деп мәлім етті үкімет басшысы Асқар Мамин.

Асқар Мамин Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына барды, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Институтта отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың I және II кезеңі жүргізілді. Зерттеудің алдын ала нәтижелері вакцинаның жоғары қауіпсіздігін, иммуногенділігін және тиімділігін 96% деңгейде көрсетті.

Денсаулық сақтау министрлігі үш мың еріктіге клиникалық зерттеудің қорытынды III кезеңін бастауды мақұлдаған. Бүгінде алғашқы еріктілерге Алматы және Тараз қалаларында отандық вакцина егілді. Желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталады. III кезеңді өткізу үшін 10 мың доза көлемінде вакцинаның қажетті партиясы шығарылады.

"Отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға екпе салынады", — деді Мамин.

Премьер-министр вакцина шығаратын биофармацевтика зауытының құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Зауытты 2021 жылы наурыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өндірістің қуаты жылына 60 млн дозаны құрайды.

Сонымен қатар институттың ғылыми қызметкерлеріне арналған 180 пәтерлік үш үйдің құрылысы жүріп жатыр. 60 пәтерлік алғашқы тұрғын үй 2021 жылы қаңтар айында пайдалануға беріледі.

Жаңалықтар
0