Қоғам

Пойыздағы жарылыс: Қазпошта өзіне тиесілі вагон туралы айтты

© Photo : МЧС КазахстанаӨртенген вагон
Өртенген вагон - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Қазпошта" компаниясы жарылыстан зардап шеккендерді Ақтау қаласындағы ауруханаға ауыстыруды жоспарлап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Маңғышлақ-Ақтөбе пойызының өртенген вагоны "Қазпошта" компаниясына тиесілі болған. Пошта операторы баспасөз қызметінің жетекшісі Тимур Мұхамадеев Sputnik Қазақстанға оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

Айтуынша, төтенше жағдайдан зардап шеккендер – "Қазпошта" қызметкерлері. Бұдан бөлек, олардың арасында бір бала болған. ТЖ министрлігінің мәліметінше, ол пошта қызметкерінің ұлы.

"Өрт пошта вагонынан шықты. Оқиға кезінде ішінде бес адам, соның ішінде бір бала болған. Ереже бойынша бүлдіршін ол жерде болмауы керек еді, баланың вагонда не істеп отырғаны анықталады. Қазір бесеуі де Бейнеу ауылының ауруханасында жатыр. Үш қызметкер жансақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр. Қалған екеуі жеңіл жарақат алған", - деді "Қазпошта" өкілі.

Пошта вагонына газ баллоны қайдан келгенін компаниядағылар да білмейді.

"Біз де бұл ақпаратты төтенше жағдай министрлігінен естідік. Қазір газ баллонына қатысты ештеңе айта алмаймыз, өйткені өрттің себебі туралы бізге ТЖМ мен облыстық ТЖ департаментінің қорытындысынан кейін ғана хабарлайды. "Қазпошта" тарапынан осы вагонды күзету бойынша барлық шара қабылданып жатыр. Вагон Бейнеуге жеткізіледі деп болжануда, ол жерде тергеу амалдары жүргізіледі", - деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

"Қазпошта" зардап шеккен қызметкерлерді басқа ауруханаға ауыстыруды жоспарлап отыр.

"Біз дәрігерлермен байланыстамыз, хабар күтіп отырмыз. Қазір ауыр жағдайда жатқандарды Ақтауға жеткізуге дайындалып жатырмыз. Компания науқастарды жеткізу бойынша барлық шараны қолға алады", - деді Мұхамадеев.

Қазіргі таңда вагонда 210-нан астам хат, сәлем-сауқат, пакеттер болғаны белгілі. Олардың тек 28-і ғана құтқарылған.

"Қалғандарының қаншалықты сақталғанын анықтап жатырмыз: қайсысы түгелдей жанып кетті, қайсысы сақталды. Осыдан кейін шығынды есептеуге кірісеміз", - деді ол.

Егер тексеріс өртке газ баллоны себеп болғанын растаса, онда компания өз қызметкерлерінің әрекетіне баға беріп, тиісті шаралар қабылдайды.

Пойызда газ баллоны жарылды

Бұған дейін "Маңғышлақ–Ақтөбе" бағытында келе жатқан пойызда жүк вагоны өртеніп кеткені хабарланды.

Тағы оқыңыз: Жолаушылар пойызындағы жарылыс: полиция қылмыстық іс қозғады

Өрт Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағында орналасқан №464 разъезд маңында таңғы төрттер шамасында болған. Апат салдарынан бес адам түрлі дәрежеде күйік алды.

10 вагоннан құралған пойызда 192 жолаушы болған.

Алдын ала болжам бойынша өрттің тұтануына жарылған газ баллоны себеп болуы мүмкін.

Жаңалықтар
0