Қоғам

"Олай шатастырмаңыз": Нығматулин министрдің сөзін түзетіп, сұрағын қайталап қойды

© Photo : Пресс-служба мажилиса парламента КазахстанаСпикер мажилиса парламента Нурлан Нигматулин
Спикер мажилиса парламента Нурлан Нигматулин  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр Ақтоты Райымқұлова Тоқаевтың кәсіби спорт клубтарына қатысты тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтты  

НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан – Sputnik. Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша кәсіби спорт клубтарын ұстауға мемлекеттен 55,5 миллиард теңге бөлінеді. Енді қаржыландыру көлемі екі есеге қысқартылмақ. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасы қаралды.

Сұрақ-жауап барысында депутаттар спорт министрінен президенттің кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды қысқартуға қатысты тапсырмасы қалай орындалып жатқанын сұрады.

"Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үлкен талдау жұмысын жүргіздік. Сіздер білесіздер, қазір елімізде 98 кәсіби клуб бар. Олар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Кейбірі ұлттық компаниялардың демеушілік ақшасына, жеке кәсіпкерлердің қаржысына қамтамасыз етіледі. Мұқият талдаудан кейін осы клубтарды қаржыландыруды барынша азайтуға қатысты бірнеше ұсыныс жасадық. Сондай-ақ, спортшылар, жаттықтырушылар мен осы клубтардың өзге де қызметкерлерінің айлығы бойынша бірыңғай сетка құру жоспарда бар", - деді Райымқұлова.

Осы кезде мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин министрдің сөзін бөлді.

"Ақша, сіз айтқандай, кемінде екі көзден бөлінеді: өңірлік және республикалық бюджеттен. Спорт саласының министрі ретінде бүкіл Қазақстан бойынша, жергілікті, республикалық бюджеттерді қосқанда, кәсіпқой спортқа қанша теңге бағытталады деген сұраққа нақты жауап беріңізші?", - деп сұрады төраға.

Министр кәсіпқой спортқа республикалық бюджеттен ақша бөлінбейтінін атап өтті. Тек жергілікті бюджет және демеушілердің қаржысы бар. Қазіргі таңда республика бойынша кәсіби клубтардың жалпы бюджеті 55 миллиард теңгені құрайды.

"Сіз квазимемлекеттік сектордың ақшасын демеушілікпен шатастырмаңыз. Бұл демеушілердің ақшасы емес, мемлекеттің ақшасы. Міне, әңгіме қайда. Квазимемлекеттік сектордың ақшасы – бұл мемлекеттің ақшасы. Ал енді айтыңыз, қазір сізді бүкіл ел тыңдап тұр. Республика бойынша бүгінде мемлекеттік, жергілікті бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан кәсіпқой спортқа қанша теңге бөлінеді?", - деп тағы сұрады Нығматулин.

"Кәсіби клубтарға 55,5 миллиард теңге, оған қоса "Астана" президенттік кәсіби спорт клубына 27 миллиард теңге бөлінеді", - деп жауап берді Райымқұлова.

Министр талдау нәтижесі бойынша спорт клубтарын жылдық қаржыландыру екі есеге дейін төмендетілетінін атап өтті. Қазір тиісті ұсыныстар үкіметтің қарауында жатыр.

Қысқарту нәтижесінде 22,2 миллиард теңге бұқаралық спортты дамытуға жұмсалады. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар жаппай спортқа 14,7 миллиард теңге бөліп қойған.

"Ақшаның қайда жатқанын білмейді": үкімет Нығматулиннен сөз естіді 

Еске салсақ, мәжіліс дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасында тұрғындарға арналған спорт үйірмелері мен секцияларын ұйымдастыратын спорт нұсқаушыларының штат бірліктерімен қамтамасыз ету және білім беру бөлімдерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру даярлығы клубтарын ашу жөніндегі құзыреттерді жергілікті атқарушы органдарға беру көзделген.

Сондай-ақ, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерін кезең-кезеңімен құру, білім берудің барлық деңгейіндегі білім беру бағдарламаларына ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті шартты енгізу ұсынылады. Бұл нормалар дене шынықтыру және спорт саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасауға бағытталған нормалар енгізіледі.

Жаңалықтар
0