Қоғам

"Жалғастыру қажет": сенатор солтүстік өңірлердің проблемасын көтерді 

© Ксения ВоронинаПетропавл қаласы
Петропавл қаласы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде халықты оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аудару кезінде бірқатар проблема туындайды, сенаторлар оларды шешу үшін бірқатар ұсыныс жасады

НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан – Sputnik. Сенаттың бір топ депутаты солтүстік өңірлерде адам санының азаюына алаңдаушылық білдірді. Ал халықты оңтүстіктен көшіру бағдарламасының кемшін тұстары аз емес. Депутаттар премьер-министрдің атына сауал жолдап, солтүстік аймақтарға көші-қонды тиімді жүргізу жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында жаңа туғандармен салыстырғанда қайтыс болған адамдардың саны басым болып тұр. Жыл басынан бері облыс тұрғындарының саны үш мыңнан астам адамға кеміген.

"Мәселен, 2018-2019 жылы және осы жылдың 9 айында СҚО-ға оңтүстік өңірлерден 5123 адам қоныс аударса, есесіне өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Әсіресе, Қазақстанның Ресеймен шекаралас ауылдарында адам саны күрт кеміген. Тұрғындар санын толтыру проблемасы Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында да бар", - деді Қапбарова сенаттың жалпы отырысында.

Оның мәліметіне сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында 20 жылда 300-ге жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитын балалардың саны 8 мыңға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға шығарыла бастады.

"Ел аумағының біртұтастығы үшін оңтүстіктен солтүстік аймақтарға бағытталған көші-қон үрдісін жалғастыру керек деп санаймыз", - деп атап көрсетті Қапбарова.

Бүгінде халықты оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аудару кезінде бірқатар проблема туындайды. Соның ішінде тұрғын үй мәселесінің түпкілікті шешілмеуі, тұрақты жұмыс орнының болмауы, климатқа бейімделу қиындығы, сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қолдау көрсетудің кейбір тетіктерінің жеткіліксіздігі бар.

Сенаторлар қазіргі мәселелерді шешу үшін бірнеше ұсыныс жасады. Олар:

  • Қоныстандырудың арнайы мемлекеттік немесе өңірлік бағдарламасын әзірлеу. Қазіргі таңда халықты көшіру процесі "Еңбек"  нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының бір бөлігі болып саналады;
  • Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде арнайы бейімдеу орталығын құру;
  • Жұмыс күші тапшы өңірлерге Қазақстан азаматтарының ерікті түрде қоныс аударуы үшін қосымша ынталандыру шараларын енгізу;
  • Өңіраралық көші-қон процесіне жас отбасыларды тартуға басымдық беріп, мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктерін жүзеге асыру;
  • Қоныс аударушылар үшін тұрғын үй берудің нақты тетігін пысықтау;
  • "Бір терезе" қағидаты бойынша қоныс аударушылар туралы деректердің бірыңғай автоматтандырылған ақпарат жүйесін енгізу.
Жаңалықтар
0