Қоғам

Қазақстан кітапханаларында электронды кітаптарды ақшаға жүктеу ұсынылды

© Photo : StockSnapСтудент в библиотеке
Студент в библиотеке  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенатор кітапханалар мен мұрағаттар мәселесін көтерді, олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ұсыныс айтты

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп кітапханаларда электронды кітаптарды жүктеуді ақылы етуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатордың айтуынша, ұлттық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Ал көне жазбаларды санитарлық нормаларға сай сақтамаса, көзге көрінбейтін әртүрлі паразиттер жеп қояды. Мұндай жағдайда түпнұсқаларды келешек ұрпаққа жеткізу қиындайды.

"Eлордадағы Ұлттық архивке қарасты қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығын алайық. Орталықтың қолжазбалар мен сирек кітапты сақтайтын жері өте тар. Қор көбейген сайын, ғимаратқа сыймай барады. Орталықтың ғимараты еуропалық талаптарға мүлдем сай емес. Көрермендерге арнап дайындаған көрмесі де өте кішкентай", - деді Жүсіп премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, кітапханаларды цифрландыру сапасы да сын көтермейді.

"Шет елдердегі архив, кітапханалар өз қорларын түгел цифрландырып жатыр. Ал бізде көпшілігінің цифрландыру сапасы өте төмен. Цифрландырылған сирек қолжазбалар мен кітаптардың оқылуы қиын. Көшірменің сапасы да нашар, жүктеп алуға келмейді. Сондықтан кітаптардың оқылымын тегін етіп, бірақ жүктеуін ақылы етер болса, бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді", - деп санайды депутат.

Ол елімізде реставрация саласы да дамымағанын тілге тиек етті. Нұртөре Жүсіптің пікірінше, реставраторларды арнайы даярлау ісімен бірге, олардың денсаулығына да көңіл бөлінуі тиіс. Себебі қолжазбамен жұмыс істеу, оны реставрациялау денсаулыққа зиянды.

Жаңалықтар
0