Экономика

ЕАЭО елдерінде жұмыс істеген азаматтарға зейнетақы қалай төленеді

© Sputnik / Владислав ВодневТенге, деньги
Тенге, деньги - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Келісім ратификацияланғаннан кейін ЕАЭО-ға мүше елдердің кез келген азаматы одақ елдерінің бірінде жұмыс істеген жылдары үшін зейнетақы алады

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Парламент сенаты "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Келісімге ел президенттері 2019 жылы 20 желтоқсанда Санк-Петербург қаласында қол қойды.

"Келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО елдерінде еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және іске асыру, еңбекшілердің зейнетақысын тағайындауға және экспорттауға байланысты мәселелерді шешу, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту", - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Айтуынща, қазір ЕАЭО елдерінде әртүрлі зейнетақы жүйесі қолданылады. Мәселен, Беларусьте жинақтаушы жүйе жоқ. Қазақстан, Ресей, Арменияның жинақтаушы жүйелері әртүрлі. Зейнетақы жүйелерін қаржыландыру және зейнетақы қаражатын бөлу тәсілдерінде де айырмашылықтар бар.

Бұдан бөлек, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі зейнет жасы, мөлшері, еңбек өтілі, зейнетақы аударымдарының көздері және басқа параметрлер бойынша да ерекшеленеді.

"Қазіргі уақытта тұрақты тұратын азаматтар үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері реттелген. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен "жұмыс" мақсатында келген еңбекшілер үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері реттелмеген күйінде қалып отыр. Келісімнің күшіне енуі еңбекшілердің зейнетақы саласындағы проблемалық мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді", - деді министр.

Атап айтқанда, еңбекшілердің өзі жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтарымен құқықтары тең болады; әрбір мемлекет өз аумағында жұмыс істеген жылдар үшін зейнетақы төлейді; әрбір мүше мемлекет зейнетақы алу құқығын айқындап, оның мөлшерін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептейді; зейнетақы экспорты мәселесі реттеледі.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын алу: қазақстандықтар 10%-тік салықты қалай төлейді

Яғни, келісімді ратификациялағаннан кейін, егер аталған елдердің кез келген азаматы ЕАЭО елдерінің бірінде немесе тіпті бірнеше елде бірнеше жыл жұмыс істесе, содан кейін өз Отанына кетсе, онда осы елдердің заңнамасы бойынша зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ол онда жұмыс істеген уақыты үшін олардан зейнетақының өз бөлігін алады. Қазақстан бұл еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз етудің әділ тәсілі деп санайды.

Қазақстан тарапынан келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленді.

Сенат депутаттары заңды бірауыздан қабылдады.

Жаңалықтар
0