Қоғам

Сенатор қыруар ақшаға сатып алынған тыныс алдыру аппараттары істемей жатқанын айтты

© Sputnik / Павел Львов / Медиабанкке өтуАппарат для ИВЛ
Аппарат для ИВЛ - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Индустрия министрлігі емдеу мекемелеріне жеткізілген 1,5 мың аппараттың сапасына қатысты шағым болмағанын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Қазақстанда жасанды тыныс алдыру аппараттарының жартысына жуығы жұмыс істемейді. Ең сорақысы, медициналық құралдар қазынаның резервінде тұрған миллиардтаған қаржыға сатып алынған.

Жаға ұстатарлық жағдайды айтқан сенаторлар, бюджеттің әр тиынын бұлай тиімсіз жұмсауға жол бермейміз деп отыр. Ал жауапты министрліктегілер мемлекет ақшасына алынған аппараттардың сапасына шаң жуытпайды.

Тіпті, техника расымен жұмыс істемесе, ақжағалылар қызметтен кетуге әзір, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жасанды тыныс алдыру аппаратын, яғни "ИВЛ аппараттарды" жазда іздеп, сабылғанымыз әлі де есімізде. Содан болар, коронавирустың бірінші толқыны біте салысымен, жоғымызды түгендей бастадық. Үкімет дәрі-дәрмекті, қорғаныш құралдарын, сол "ИВЛ аппараттарды" індеттің екінші толқыны бола қалса деп дайындап қойғанын айтты. Ал сенаторлар ел сенген шенеуніктердің өтіріктерін әшкере қылдық деп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Өйткені олар отандық жасанды тыныс алдыру аппараттарының жұмыс істемейтініне сенімді. Облыстардағы ауруханаларға жеткізілген 1 500 аппараттың тек жартысы ғана науқастардың керегіне жарайын деп тұр. Мәселен, Жамбыл мен Түркістан облыстарындағы 50-ден аса аппаратты қолдану мүмкін емес дейді сенаторлар. Онсыз да өңірлерде жетіспей тұрған құралға үкімет резерв қаржысын жұмсаған.

"Биыл елімізде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Мәселен, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үкімет резервінен бөлінген қаражатқа отандық өндірушіден 1 500 жасанды тыныс алдыру аппаратын салып алған. Алайда елдегі барлық денсаулық сақтау ұйымы іс жүзінде тек 831 аппаратты ғана қабылдаған", – дейді сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев.

Ал индустрия министрлігі Қылышбаев айтқан мың жарым аппаратты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізгенін мойындайды. Алайда, ешбірінен сапасына қатысты шағым болмаған. Кей кезде ақаулар болғанда, бірден жөндеп бердік деп ақталды.

"1 қарашадағы жағдай бойынша 1,5 мың жасанды тыныс алдыру аппараты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізілді, барлығы іске қосылған және пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта 140 аппарат қолданыста, қалғандары резервте тұр. Бұл кезеңде Нұр-Сұлтан қаласында аппараттар ұзағырақ қолданылатыны байқалды барлық аппарат жұмысына шағым-ескерту түскен жоқ. Өткен аптада Семейде бір компрессордың аздаған ақауы болды, бір тәулік ішінде бұл компрессор ауыстырылды", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменов.

Депутаттың қызыл кеңірдек болып айтқанын министрлік өкілдері құптамайды. Жанжүменов сенатордың сөзін жалған деп жиында бір-ақ кесті. Тіпті, техникалар жұмыс істемесе, жауаптылар жұмыстан кетуге тас-түйін дайын.

Оқи отырыңыз: Оттегі баллонын үйде қолдануға бола ма – министрлік жауап берді

Вице-министр қызметінен кете ме, кетпей ме ол жағын уақыт көрсетер. Бірақ қазірден бастап үкіметтің бұл шаруаға бел шеше кірісетіні белгілі. Айта кетейік, бір жасанды тыныс алдыру аппаратының құны 9 миллион теңгенің шамасында. Елордада орналасқан зауытта біздің мамандар аппаратты екі жарым айда жинап шығарған.

Жаңалықтар
0