НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Қазақстанда шетелге демалуға шығатын азаматтарға туристік код беру ұсынылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында туристік қызмет мәселелері туралы заң жобасы қаралды.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, шетелге шығатын туристерді қорғау шаралары күшейтіледі.
"Туроператорлар ұйымдастырған шығу туризмі аясында Қазақстан азаматтарына туристік код беру тетігін енгізу, сондай-ақ кепілдік беру сомаларын жинау және қайтару тәртібін регламенттеуді енгізу жоспарланып отыр", - деді Райымқұлов мәжілісте.
Сонымен қатар, заң жобасында "Tax Free", "туристік жарна" жүйесін енгізу көзделген. Шетелдік туристерден "Bed tax" туристік алымын алу ұсынылып отыр.
Айта кетсек, Tax Free – әуежайларда сатып алынған тауарға қосылған құн салығын қайтару жүйесі.
Сондай-ақ, министр басым туристік аумақ ұғымын енгізуді ұсынды.
"Басым туристік аумақты енгізу – заң жобасының негізгі новелласы. Басым туристік аумақ құру мақсаттары: синергетикалық әсер есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілетін арттыру, туристік кластерге кіретін туристік ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру, ресурстарды (материалдық, зияткерлік) туризмді дамытудың неғұрлым перспективалы нүктелеріне шоғырландыру", - деді ол.
Айтуынша, басым туристік аумақ – туристік салаға инвестиция мен халықаралық стандарттарды енгізуді көздейтін іс-шаралар кешені. Аумақты (географиялық шекараларды) ел үкіметі айқындайды.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.