Қоғам

Қазақстанда қағаз анықтамаларды толығымен жою жоспарланып отыр 

© Sputnik / Тимур БатыршинЦентр обслуживания населения (ЦОН)
Центр обслуживания населения (ЦОН) - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елде смартфон қолданушылар саны өскен. Сол себепті мемлекеттік қызметтер мен сервистерді мобильді платформада көрсету қажеттілігі артып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин 2021 жылы қағаз анықтамаларға қажеттілік толығымен жойылуы керек екенін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Премьер-министр елде смартфон қолданушылар саны өскенін, сол себепті мемлекеттік қызметтер мен сервистерді мобильді платформада көрсету қажеттілігі артып отырғанын айтты. 

"Ең қажетті әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді мобильді форматқа көшіру жұмысын жандандыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметті eGov mobile-ға ауыстыру бойынша жоспар бекітуді тапсырамын. Жалпы 2021 жылы қағаз анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек", - деді Мамин үкімет отырысында. 

Сондай-ақ, ол еңбек министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеу процестерін цифрландыру үшін қажетті деректерді толық цифрландыру және жаңартуды тапсырды. 

"Әкімдер мен мүдделі мемлекеттік органдар әлеуметтік сипаттағы қызметтер бойынша жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруға назар аударсын. Сервис пен кері байланыс деңгейін арттыру қажет, халық қажетті мемлекеттік қызметті кезексіз, артық ешқайда бармай алуы керек. Мысалы, қазір үйлер пайдалануға көптеп тапсырылып жатыр, әртүрлі тұрғын үй бағдарламасы бар. Ипотека алу және кепілге қою механизмін барынша жеңілдету қажет", - деді премьер. 

Мамин орталық және жергілікті атқарушы органдарға барлық ақпараттық жүйенің үздіксіз жұмысы мен тиімді интеграциясын қамтамасыз етуді, олардың сапасын арттыруды тапсырды. 

Бұдан бөлек, ол мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы жаңалықтарды халыққа түсіндіру жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Жаңалықтар
0