Қоғам

Мәжіліс отандық шарапты жарнамалауға рұқсат беретін заң жобасын мақұлдады

© Sputnik / Владимир Астапкович / Медиабанкке өтуЗавод шампанских вин, архивное фото
Завод шампанских вин, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министрдің айтуынша, салалық ведомствоға республикалық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастырудың бірыңғай тәртібін айқындау бойынша өкілеттік беріледі

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Құжат отандық сыра мен шарапты жарнамалауға салынған тыйымды алып тастауды көздейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы телерадио хабарларын тарату, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, өзгерістер екі негізгі міндетті шешуге бағытталған.

"Біріншіден, бақылау мен жауапкершілікті күшейту, яғни ақпаратқа қол жеткізу саласындағы жауапты өкілетті органды анықтау мен оның құзыретін айқындау ескерілген. Сондай-ақ, әрбір мемлекеттік органда өкілетті құрылым немесе осы саладағы жауапты қызметкерді белгілеу ұсынылады", – деді ол мәжілістің жалпы отырысында.

Екіншіден, заңның қолданыс аясын кеңейту үшін мемлекеттік функцияларды орындаушы ұйымдарды ақпарат иелері қатарына жатқызу және квазимемлекеттік сектор мен басқа да ұйымдарды ашық деректерді жариялауға міндеттеу ұсынылады.

Сондай-ақ, заң жобасына отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттігін арттыру бойынша бірқатар түзету енгізілді. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың бірыңғай жүйесі құрылады.

Министрдің айтуынша, ол үшін салалық ведомствоға республикалық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастырудың бірыңғай тәртібін айқындау бойынша өкілеттік беріледі. Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың мәртебесін заң жүзінде бекітеді. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік орган өкілдері тең дәрежеде енгізіледі.

Оқи отырыңыз: Баян Мақсатқызы Instagram парақшасындағы жарнама үшін қанша алады?

Екінші жаңашылдық – бұқаралық ақпарат құралдарында отандық сыра мен шараптың тауар белгісін және атауын жарнамалауға салынған тыйымды алып тастау.

"Масс-медиа, кәсіпкерлер, қоғам мен мемлекет арасындағы мүдде теңгерімін ескере отырып, отандық сыра және шараптың тауар белгісі мен атауына тыйым салуды алып тастау ұсынылады. Бұл нарықтағы отандық өнімдер үлесін ұлғайтуға өз септігін тигізеді", – деді Балаева.

Заң жобасындағы өзгерістер мемлекеттік бюджеттің шығыс немесе кіріс бөлігіне еш әсер етпейді.

Жаңалықтар
0