НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. "Tengri Bank" АҚ басшылығының бұрынғы екі орынбасары ұсталды. Ақпаратты Sputnik Қазақстанға қаржы министрлігі растады.
Кейбір мәлімет бойынша, "Tengri Bank" АҚ басқарма төрағасының экс-орынбасары мен "Tengri Bank" АҚ Алматы филиалы директорының экс-орынбасары ұсталған.
Министрлік кейінірек қосымша ақпарат беруге уәде етіп отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ұсталғандар жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден (18,5 миллион доллар) астам банк қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Оқи отырыңыз: Tengri Bank салымшыларының ақшасы қалай қайтарылады?
Еске сала кетейік, 18 қыркүйекте Tengri Bank құқық бұзушылыққа жол бергені үшін лицензиясынан айырылды. Клиенттердің банк шоттары бойынша және банктің өзінде барлық операция тоқтатылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 36 хаттама жасады.