НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Парламент сенаты "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік шекараны күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Негізгі мақсат – ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру.
2020 жылы 13 наурызда президент жарлығымен ұлттық қауіпсіздік комитетінің жалпы жүйесіне біріктіру арқылы шекара қызметінің басқару моделі оңтайландырылған болатын. Шекара қызметінің академиясы ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына берілді. Бұдан бөлек, шекара қызметінен бөлу арқылы "Авиациялық қызмет" құрылды, оған ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы мәртебесі берілді.
"Осылайша, қолданыстағы заңнаманы жарлық ережелеріне сәйкестендіру мақсатында заң жобасына бірқатар түзетулер енгізілді. Тұтастай алғанда, 1 кодекс пен 25 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған", – деді сенатор Нұржан Нұрсипатов.
Түзетулерге сәйкес, ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының авиациялық қызметі "басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың" құрамына енгізіледі. Комитет төрағасы өзі айқындайтын тәртіппен ҰҚК органдары қызметкерлерін ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілері санатына ауыстыра алады.
Ал шекара қызметіне қарасты барлау бөлімшелерінің барлау іс-қимылын жүргізу қағидаларын бекіту комитеті құзіретінен шығарылады. Бұдан бөлек, әскери полицияға әкімшілік құқық бұзушылық істері аясында ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметін үйлестіруге өкілеттік беріледі.
Сондай-ақ, байланыс желілерін салу функциясы шекара қызметінен үкіметтік байланыс қызметіне беріледі. Ал шекара қызметі желілерді сақталуын қамтамасыз етеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шекара қызметі пайдаланатын пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану қағидаларын бекіту бойынша құзырет те тапсырылады.
Оқи отырыңыз: Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокурорларды қылмыс үстінде ұстады
Жалпы, заң жобасы біраз шараны тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Олар:
- ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыру;
- авиацияны мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету қызметінде, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін шешу кезінде жедел іске қосу;
- инфрақұрылымды дамыту және арнайы техникалық құралдарды пайдалану арқылы мемлекеттік шекараны қорғау және күзету жүйесін жетілдіру;
- ұлттық қауіпсіздік органдарының оқу орындарын біріктіру арқылы шекара қызметінің әскери қызметшілерін оқыту мен даярлаудың сапасын арттыру.
Сенат депутаттары заңды екі оқылымда қарап, президентке қол қоюға жіберді.