НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Алаяқтар ҚҚС төлемдерін қайтаруға уәде беріп, қазақстандықтардың банк карталарына қол жеткізуге тырысып жатыр, деп хабарлады Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.
Әлеуметтік желілерде және видео порталдарда "18 жастан асқан әрбір азамат төлемді алуға құқылы" деп аталатын бейнежазба таралды. Атап айтқанда, видеода бірнеше жыл ішінде төленген ҚҚС сомасын қалай қайтарып алуға болатыны туралы айтылады.
Оқи отырыңыз: Алаяқтар картаның кодын қалай біліп алады – министрлік ақпарат берді
Алаяқтар азаматтарды ақшаны қайтарамыз деген желеумен жалған сайтқа шақырады. Яғни алаяқтарға алданатын адамдар Төленбеген қаражатты қайтару бойынша бірыңғай өтемақы орталығы сайтына кіруі керек.
"Ойдан шығарылған нұсқаулық барысында автор көрерменнен өзінің деректерін, банк картасының нөмірін, сондай-ақ сіздің қаражатыңызға иелік етуге мүмкіндік беретін CVV / CVC кодын көрсетуін сұрайды", - деп ескертті комитет.
Видеожазбада немесе жалған сайттың өзінде оң пікірлер болуы мүмкін, олар да шындыққа жанаспайды.
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарды қырағы болуға және күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың тамызында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов электронды сауданы корпоративтік табыс салығынан және жеке табыс салығынан босату туралы ұсыныс жасады. Алайда бұл әзірге ұсыныс қана. Осының негізінде алаяқтар пандемия кезінде халықты қолдау шаралары туралы ақпарат ағынын пайдаланып, қаржылық сауаты төмен қазақстандықтарды алдаудың схемасын әзірлеген болуы мүмкін.