Қоғам

"Әйелдер ипотекасына" қатысты тың ақпарат шықты

© Sputnik / Нина Зотина / Медиабанкке өтуКлючи от квартиры
Ключи от квартиры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
200 мың теңгеден төмен жалақы алатын әйелдер алғашқы жарнаның 15 процентін, ал 200 мыңнан жоғары алатындар 20 процентін жинауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жақын арада "Әйелдер ипотекасы" бағдарламасына қатысты мәлімдеме жасайды. Бұл туралы орталық филиалдың директоры Жансұлтан Матаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ипотекалық бағдарлама тұрғын үйді қаржыландыру саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге арналған.  

"Иә, жыл басында "Әйелдер ипотекасы" атты бағдарламаны бастауды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты оны шегеруге шешім қабылданды. Қазіргі кезде бұл мәселе пысықталып жатыр. Жақын арада мәлімдеме жасаймыз", - деді Матаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Әйелдер ипотекасының шарттары

Өткен жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әйелдерге арналған ипотека берілетінін мәлімдеген болатын. Сол кезде бағдарламаның шарттары да жарияланды. Атап айтқанда, 200 мың теңгеден төмен жалақы алатын әйелдер алғашқы жарнаның 15 процентін, ал 200 мыңнан жоғары алатындар 20 процентін жинауы тиіс. Жеңілдетілген ипотекаға жаңа үйден де, қайталама нарықтан да баспана алуға болады. Кредиттің шекті сомасы – 30 миллион теңге.

Оқи отырыңыз: Бірнеше бағдарлама бар – баспана алудың тиімді шарттары қандай 

Жоспар бойынша Азия даму банкі "Тұрғын үйді қаржыландыру саласындағы гендерлік теңдікке жәрдемдесу" жобасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 38 миллиард теңгені қарызға береді. Осы қаржының есебінен 4 мыңға жуық әйел жеңілдетілген ипотека рәсімдейді. 

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 9 миллионнан астам әйел бар. Олардың ішінде отбасын асырап жатқандар да аз емес. Бірақ орташа жалақысы ер адамдардан төмен. Содан баспананы ипотекаға алу қиын. Осыған байланысты "Әйелдер ипотекасы" бағдарламасын қолға алуға шешім қабылданды.

Жаңалықтар
0