НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Қазақстан өңірлерінде жылу беру маусымы басталғалы өрт жиілеген. Оған қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болып отыр. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, қыркүйек айында тұрғын үй секторында 1 300-ден астам өрт шыққан. Шымкент, Алматы қалалары, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында тілсіз жаудың жиілегені байқалады.
"Жамбыл облысында өрттен қаза болғандар саны 4 адамға, Алматы қаласында – 3 және Павлодар облысында 2 адамға артты. Қостанай облысында жарақат алғандар саны 6 есе, Нұр-Сұлтан қаласында 4,5 есе және Қарағанды облысында 2,2 есе көбейді", - деді Ильин үкімет отырысында.
Сонымен қатар, ол өңірлерде бірнеше адам көз жұмған жағдайлар тіркелгенін мәлімдеді. Жамбыл облысында тұрғын үйдегі өрттен екі бала, Солтүстік Қазақстанда 2 адам және Шығыс Қазақстанда тағы екі адам көз жұмған.
"Өрттің жиілеуіне өрт қауіпсіздігін, атап айтсақ, тұрмыстық құрылғылар мен пештерді пайдалану ережелерін сақтамау, отты абайсыз қолдану себеп болып отыр", - деді министр.