Қоғам

Одақ төрағасы ауыл мәселесімен айналысатын арнайы комитет құруды ұсынды

© Sputnik / A.SitnichenkoАул Акеспе на берегу Аральского моря в Казахстане
Аул Акеспе на берегу Аральского моря в Казахстане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дайрабаевтың айтуынша, ауылдардың қазіргі жағдайы жергілікті тұрғындармен бірлесіп кеңінен талқылауды талап етеді

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Қазақстан фермерлері одағы қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев қазіргі ауылдардағы басты мәселелерді санамалап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақстанда 230 мыңға жуық түрлі агроқұрылым бар. Оның басым көпшілігі – ұсақ шаруашылықтар. Республика бойынша өндірілетін өнімнің 85%-ін солар беріп отыр. Яғни, бүкіл елді астық өнімдерімен қамтамасыз етуде. Қазіргі кезде ауыл адамдары аса бай деңгейде өмір сүріп жатқан жоқ. Ауыл – қазақ елінің түп тамыры. Сол тамыр жойылса, бұл елдің әлсіреуі деген сөз. Бұл жай айтылып жатқан сөз емес, бұл – қазіргі ащы шындық", – деп бастады сөзін Дайрабаев.

Қауымдастық төрағасы ең алдымен ауыл жолдарын жөндеу қажет екенін айтты.

"Жол инфрақұрылымын дамытпаса, маңдай терін төгіп өндірген өнімді өткізуде фермер де, тұтынушы да зиян шегеді. Жолдардың жағдайын өз көзімен көру үшін атқарушы билік өкілдері сол жолдармен барлық бағытта автокөлікпен жүріп өткендері жөн. Жол мәселесін шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тіпті "ауыл жолдары" деген нысаналы бағдарлама қабылдап, 3-5 жыл ішінде аймақтарды жолмен қамту қажет", – деді Дайрабаев.

Айтуынша, жол болмаған ауылдарда адам тұрақтамайды. Ауылдардың іші тура соғыстан кейінгідей жағдайда тұр. Бұл Солтүстік Қазақстан облысында қатты байқалады.

"Ауыл жағдайының нашарлауының тағы бір себебі – ауылдың инфрақұрылымдық әлеуметтік мәселелерімен тікелей айналысатын мемлекеттік органның болмауы. Кезінде ауыл шаруашылығы министрлігінде ауылдың әл-ауқаты, мәселелерімен айналысатын арнайы комитет болған. Меніңше, сол комитетті қайта құру қажет", – деді Жигули Дайрабаев.

Қазақстан фермерлері одағы қауымдастығы төрағасының айтуынша, ауылдағы қазіргі жағдайды жергілікті тұрғындармен бірлесіп кеңінен талқылауды талап етеді.

"Көп жағдайда ауылдың тағдырына қатысты маңызды шешімдер министрліктердің кабинетінде қабылданады. Айта берсек ауылда мәселе жеткілікті. Шаруа субсидия, кредит бер деп үкіметтің артынан емес, үкімет соның бәрін ұсынып шаруаның артынан жүруі керек. Себебі өнімді беретін, елді асырайтын – шаруалар. Ауыл шаруашылығы дамыған елдің бәрінде осылай", – деді Дайрабаев.

Оқи отырыңыз: Жапырақ үстіне төселген жол: тұрғындар шағымынан соң құрылыс алаңына әкім шұғыл жетті

Сонымен қатар Қазақстан фермерлері одағы қауымдастығы төрағасының айтуынша, бүгінде елімізде агроном, мал дәрігері секілді ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандар тапшы.

Жаңалықтар
0