Қоғам

Көп адам өлер еді: ҰҚК Алматыда жоспарланған терактіге қатысты мән-жайды айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинНаручники, архивное фото
Наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда бірнеше теракт жоспарлаған экстремистердің қалай ұсталғаны, 2019 жылдың қаңтарында өткізілген арнайы операция қалай жүзеге асырылғаны жөнінде алғаш рет толыққанды ақпарат берді

АЛМАТЫ, 22 қазан - Sputnik. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда террористік топтың қалай анықталғаны, оның мүшелері қалай ұсталғаны, сондай-ақ олар 2019 жылдың қаңтарында қай жерде терракт жасауды жоспарлағаны жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берді.

2019 жылдың қаңтар айының басында ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Алматыда бірнеше ауқымды теракт дайындаған радикалды топ ұсталғаны туралы ақпарат таратты.

Ол кездегі ақпарат мардымсыз еді: "ҰҚК қызметкерлері Қазақстанда теракт жоспарлады деген күдікпен Орталық Азия өңірінің азаматтарын ұстады. Ұсталғандардан террористік акт кезінде қолданылуы мүмкін қарулар мен құралдар тәркіленді".

Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер теракт туралы алғашқы ақпарат түскен сәттен бастап радикалды топты ұстағанша дейін жүргізілген операцияның қалай өткенін Sputnik Қазақстан тілшісіне толықтай баяндап берді.

Ақпарат қайдан түсті

Ауғанстан мен Сириядан келген Ислам мемлекеті* содырлары Орталық Азияда ірі теракт жатыр деген алғашқы ақпарат Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетіне шетелдік серіктестерінен 2018 жылдың желтоқсанында, жаңа жыл қарсаңында түсті. Ол кезде орны, уақыты, теракт ұйымдастырушылары мен орындаушылар туралы нақты мәлімет болған жоқ.

Әртүрлі елдердің барлау қызметтері арасындағы ақпарат алмасу аясында кез келген, тіпті шындыққа жанаспайтын қауіп-қатер туралы ақпарат барынша мұқият сүзгіден өткізуді қажет етеді. Бұл оқиға да солардың қатарында болды.

Қазақстандықтар мерекелік дастарқан жайып жатқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері тынбай жұмыс істеді. Осылайша, олар теракт дайындап жатқан басты күдіктіні – ақша табу мақсатында Алматыға келген Орталық Азия елдерінің бірінің азаматын анықтайды.

Операцияның бастапқы кезеңінде-ақ күдіктінің бұлыңғыр фотосы, оның түрінің сипаттамасы және ең бастысы, оның қолдан жасалатын жарылғыш құрылғыға қажетті заттарды іздеп жүргендігі туралы сенімді ақпарат қолға түседі. Бірақ ол кезде ұлттық қауіпсіздік қызметі мамандары бұл адамның аты-жөнін, тұрғылықты мекен-жайын және сыбайластарын білмеді.

ҰҚК қызметкерлері террорист жарылғыш құрылғыны жасау бойынша барлық нұсқаулықты  Ауғанстан мен Сириядағы жетекшілерінен онлайн режимде алады деген ақпаратқа айрықша назар аударды.

Бірнеше күн бойғы желідегі жұмыс, фактілерді салыстыру және талдау нәтижесінде күдікті туралы қажетті мәліметтерге қол жеткізілді.

Теракт қай жерде жоспарланды

Осыдан кейін күдікті туралы толық мәліметті анықтау қиынға соқпайды.

22 жастағы Г. Қасымның Алматы қаласы маңындағы коттедждердің бірінде бөлме жалдағаны белгілі болды.  

Күдіктіні бақылауға алу ҰҚК қызметкерлерінің күдігін одан әрі күшейтті: олар Қасымның құрылыс базарларының бірінен химиялық зат сатып алып жатқанын көреді. Сонымен қатар, қаскөйдің Алматыдағы маршрутына назар аударады. Оның адам көп шоғырланған жерлерге баруы теракт үшін нысан таңдап жүргеніне күмән қалдырмайды.

2019 жылдың 7 қаңтарында ҰҚК қызметкерлері Г. теракт дайындап жатқанына толықтай сенімді болады, сондықтан оны ұстауға дайындықты бастайды. Әрі радикалдың сыбайластарын да анықтайды. Олар күдіктінің жерлестері болып шықты. Барлығы бір бөлмені жалдап тұрған, кейбіреуі терактіні дайындауға қатыспаса да, жерлесіне қолдау көрсеткен.

Екі күннен кейін ҰҚК қызметкерлері Г. мен шетелдік жетекшілері арасындағы тағы бір байланысты тіркеп үлгереді. Террорист жарылғыш заттың біріншісін әзірлеп қойғанын, енді екіншісін дайындауға кірісіп жатқанын айтады. Енді бұдан әрі күтуге болмайды. Себебі халық көп шоғырланған жерде жарылғыш құрылғының кездейсоқ жарылып кету қаупі де арта түседі, өйткені Г.-нің де, оның сыбайластарының да жарылғыш затты пайдалану тәжірибесі жоқ.

10 қаңтар таңертең ҰҚК-ның арнайы жасағы коттеджге баса-көктеп кіріп, 10 адамды ұстайды.

Тінту кезінде олар дайын жарылғыш құрылғы мен келесілерін әзірлеуге қажетті заттарды табады. Мамандардың бағалауы бойынша, тәркіленген құрылғы жарылған уақытта 10 метр аумақтағы барлық тіршілік атаулыны жойып жіберер еді.

Радикалдар өз жоспарын жүзеге асырғанда, құрбандар саны көп болар еді, себебі террористер теракт жасау үшін Алматының көк базарын, екінші деңгейлі банктердің бірінің филиалын және қалалық полиция бөлімшесін таңдаған.

Тергеу барысында анықталған деректер

Террористік топтың ісін тергеу алты айдан астам уақытқа созылды, бұл радикалдардың шетелдегі барлық байланысын анықтауға мүмкіндік берді.

Г. Қасыммен бірге топты 35 жастағы Х. Давлат есімді азаматтың басқарғаны белгілі болды. Ол бірнеше жыл бойы шетелде діни фанаттардың астыртын курсында оқығандықтан, лаңкестердің басты идеологы болған. Дегенмен, Х.-нің дін төңірегіндегі білімі өте үстірт еді.

Осылайша, екі экстремист Қазақстанда жұмыс істеп жүрген кезде жиі бірге уақыт өткізіп, Ислам мемлекетінің* үгіт-насихат мәтіндері мен видеоларын көрген.

Бірде олар әлеуметтік желі арқылы Ауғанстаннан Шахомад және Сириядан Әбу Усама есімді содырлармен байланыс орнатады.

Аз уақыт ішінде террористердің идеясымен "қаруланып" шыға келген екі радикал бірнеше отандасын өз тобына қосады.

Г.-нің талап етуімен содырлар "халифа" Әбу Бәкір әл-Бағдадиге адал қызмет ету туралы антын видеоға түсіріп, Ауғанстандағы "Шахомадқа" жіберді. Жауап ретінде шетелдік жетекші Г.-ге жарылғыш құрылғыны жасау, сондай-ақ топтың басқа мүшелері үшін қалалық жерде террористік әрекеттердің тактикасы жайлы нұсқаулықтар береді.

Терактінің 2019 жылдың 15 қаңтарына жоспарланғаны анықталды.

Сот үкімі

Г. Қасым мен Х. Давлат сыбайластарын шахид жасауға дайындаған. Ал екеуі Алматыдағы терактіден кейін қашып кетіп, өз елінде бірнеше жарылыс жасамақ болады.

"Қылмыскерлерде Алматының, жалпы республикамыздың тұрғындарын өлтіруге қатысты қандай да бір себеп болмаған: террористер адамдарды бар болғаны дінге сенбейтін "кәпірлер" деп санаған, сондықтан қай жерде болғанына қарамастан, олар жойылуы қажет деп есептеген" - деп атап өтті Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті.

2019 жылдың қыркүйегінде сот террористік топтың жетекшісі Г. Қасымды 18 жылға, ал оның сыбайласын 16 жылға бас бостандығынан айырды. Тағы бес мүшесі 12 жылдан 14 жылға дейін сотталды. Арнайы операция кезінде ұсталған үш шетелдік азамат еліне депортацияланып, сол жақта қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ал 2019 жылы Ауғанстанда арнайы операция кезінде террористердің шетелдік үйлестірушісі "Шахомадтың" көзі жойылса, оның сыбайласы "Әбу Усама" Сирияда құрықталды.

Ислам мемлекеті * - Қазақстан мен Ресейде тыйым салынған ұйым

Жаңалықтар
0