Қоғам

Жаңа электронды қызмет: министр қанша адам ішкі ағзаларын беруге келіскенін айтты 

© Sputnik / Тимур БатыршинЦентр обслуживания населения (ЦОН)
Центр обслуживания населения (ЦОН) - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Электронды үкімет порталында қайтыс болғаннан кейін адамның мүшелерін алуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет іске қосылды

НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин адамның ішкі ағзаларын алуға келісім берудің электронды қызметі туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінде Денсаулық сақтау кодексі бойынша әрбір адам өз ағзаларын беруге немесе одан бас тартуға өтініш бере алады. Осы уақытқа дейін ондай өтініштер  қағаз жүзінде беріліп келген. Сонда кодекс күшіне енген күннен бастап қағаз жүзінде небәрі 300 адам ғана өз ағзаларын беруден бас тартса, 6 адам келісім берді", - деді Мусин сенатта өтіп жатқан үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, бүгінде осы қызметтің электронды нұсқасы іске қосылып отыр. Электронды үкімет порталында арнайы бөлім бар. Соған кіріп, өтініш беруге болады. Бірнеше күннің ішінде электронды өтініш берген адамдардың саны қағазбен жазғандармен салыстырғанда екі есеге асты.

"Электронды қызмет бір күн бұрын ғана енгізілді. Сонда бірнеше күннің ішінде 500-ге жуық өтініш түскен. 60 адам өз келісімін берсе, 400 адам ағзасын беруден бас тартты", - деп атап көрсетті Мусин.

Өтініш қалай жазылады?

13 қазанда электронды үкімет порталында қайтыс болғаннан кейін трансплантация үшін тіндерді немесе мүшелерді алуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет іске қосылған болатын. Бұрын адам өзі тіркелген емханада өтініш жазған. Енді, оны үйден шықпай-ақ рәсімдеуге болады.

Электронды қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында "Денсаулық сақтау" бөлімінде авторизация жасау қажет. Осыдан кейін "Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуға көзі тірісінде өз еркімен келісуді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу" қызметін таңдау керек.

Бұдан әрі қолданушы өтініш түрін таңдайды: "Келісімді қайтарып алуды тіркеу" немесе "Келісімді тіркеу".

Келісім берген жағдайда, қолданушыға қандай органдарын алуға болатынын көрсету мүмкіндігі беріледі.

Айта кетейік, биыл жазда президент "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске қол қойған еді. Оған сәйкес, енді қайтыс болған адам көзі тірісінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының жазбаша рұқсаты қажет.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағынан адам ағзалары мен тіндері тек шетелде ем алып жатқан Қазақстан азаматына медициналық көмек көрсету үшін ғана шығарылады.

Жаңалықтар
0