Қоғам

Келешекте Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын – президент

© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев абайтанушылармен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев абайтанушылармен кездесті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде құрылған Абай академиясы ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Қазақстанда Абай институттары ашылуы мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семейде абайтанушы ғалымдармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент биылдан бастап 10 тамыз "Абай күні" деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылғанын, ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілгенін еске салды. Сонымен қатар, шетелдегі елшіліктердің жанынан Абай орталықтары ашылды.

"Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады", - деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, "Абай" телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында "Абайтану" курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы "тарихи орталық" ретінде белгіленді.

Мемлекет басшысы мұндай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалғанын айтты.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Қазақстанда Абай мектептерін ашуды ұсынды

"Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік", – деді президент.

Тоқаев абайтанушы ғалымдармен кездесердің алдында мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады. Мемлекет басшысына Абайдың сирек кездесетін кітаптары, "Абай әлемі" сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арналған көптомдығы ұсынылды.

Сондай-ақ, көрмеге Шығыс Қазақстан өнер мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының қорларындағы 18 сурет қойылды.

Жаңалықтар
0