НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Зейнетақы қорынан берілген ақша алимент пен кредит бойынша қарыз үшін өндіріліп алынуы мүмкін. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында депутат Юрий Тимощенко мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде үкімет тиісті құжаттарды әзірлеп, зейнетақы жинақтарын пайдалануды заң жүзінде бекітуді жоспарлап отыр. Алайда кейбір салымшылар бірқатар қиыншылыққа тап болуы мүмкін.
"Келесі жылдан бастап 700 мыңнан астам салымшы жинақтың бір бөлігін үш мақсатта пайдалана алады. Бірақ олардың арасында алимент төлейтіндер және кредит жағынан қарызға батқандар да бар. Иә, "Сот орындаушылының мәртебесі мен атқару өндірісі туралы" заңның 98-бабына сәйкес, зейнетақы жинақтары өндіріп алуға жатпайтын ақшаға кіреді. Дегенмен, жолдау бойынша үй алуға, емдеуге және сенімгерлік басқаруға берілетін ақша зейнетақы төлемдері болып саналады және жаңағы заңда көрсетілмеген", - деді Тимощенко мәжілістің жалпы отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, өндіріп алуға жатпайтын ақшаға зейнетақы жинақтарын ғана емес, зейнетақы төлемдерін де кіргізбесе, көп адам сот дауларына тап болады. Олардың төлемдерін алимент үшін, я болмаса, кредиттік қарызын жабуға міндеттеуі мүмкін.
"Осылайша, зейнетақы төлемдері мақсатсыз жұмсалуы мүмкін деген қауіп бар. Сот орындаушылар ол ақшаны мәжбүрлі түрде өндіріп алуы ықтимал. Сондықтан тиісті заңдарда нақты үш мақсатты көрсетіп, зейнетақы төлемдерін де өндіріп алуға жатпайтын ақша ретінде бекіту керек", - деп атап көрсетті Тимощенко.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 216 мың зейнеткер бір реттік төлем алады