Қоғам

"Өтірік айтасың деп сенбеді": алты баланың анасы атанған 23 жастағы келіншектің әңгімесі

© Photo : пресс-служба акима Туркестанской областиТүркістан облысы Дербісек ауылының тұрғыны Еркінай Есенбаева
Түркістан облысы Дербісек ауылының тұрғыны Еркінай Есенбаева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ерлі-зайыпты Нұрсұлтан мен Еркінай үш ұл мен үш қыз тәрбиелеп отыр. Жас ана болашақта бала асырап алғысы да келеді

НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан – Sputnik. Жуырда Түркістан облысының әкімдігі 23 жастағы келіншектің үшем босанып, алты баланың анасы атанғанын сүйіншілеген еді. Дербісек ауылында тұратын көпбалалы ана Еркінай Есенбаевамен аз-кем сұқбаттасудың сәті түсті.

Еркінай емес, Жарқынай

Еркінай көрші Өзбекстанның қазағы екен. Ата-анасы, ағайын-бауырлары сол жақта тұрады. Азан шақырып қойған есімі – Жарқынай.

"Менің шын атым – Жарқынай. Мен дүниеге келгенде, куәлік алуға әкем барған екен. Қызымның атын Жарқынай қойдым дейді ғой, сөйтсе, өзбектер тілі келмей, түсінбей, Еркінай деп жазып жіберген. Сөйтіп, куәлік бойынша Еркінай атанып кеттім. Ал отбасым, құрбы-құрдастарым – бәрі Жарқынай дейді. Кеше босанғаннан кейін де достарым хабарласып, "сені интернетте көрдік, неге атыңды Еркінай деп жазған" деп сұрап жатыр", - деп күліп әңгімесін бастады түркістандық әйел.

"Он жеті жасымда алып қашты"

Еркінай 30 жастағы жұбайы Нұрсұлтанмен Қазақстанға қыдырып келгенде танысқан. Нұрсұлтан болашақ жарын бір көргеннен ұнатып, көп ойланбай алып қашыпты.

"Өзбекстанда тоғыз сыныптық мектепті тәмамдап, колледжге баратын кезім. Жасым он жетіде еді. Қазақстанның оңтүстігінде тұратын туысқандарыма қонаққа келдім. Күйеуіммен сол кезде тойда таныстым. Көп сөйлескен де жоқпыз, ештеңе айтқан жоқ. Тойдан кейін бірден алып қашты. Шаңырақтың табалдырығынан аттаған соң, қайтып кете алмайсың ғой. Оның үстіне, Нұрсұлтанның өзі де, үй іші де жақсы адамдар екенін байқадым. Сөйтіп, қалып қойдық. Құдайға шүкір, еш өкінбеймін", - дейді Есенбаева.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда жаңа туған нәрестеге жиі қойылған есімдер жарияланды

Түркістандық келіншек Дербісек ауылында ата-енесімен, қайнысы және оның отбасымен бірге тұрады.

"Бұл шаңыраққа тым жас кезімде келін болып түссем де, қиналған жоқпын. Енем маған бәрін үйретті. Қазір екі келінін бір шаңырақ астында ұстап отыр. Аллаға шүкір, тату-тәтті отбасымыз, барлығы жақсы. Ауруханадан шыққаннан бері, асты-үстіме түсіп, шай-тамағымды беріп, күтіп жүр. Кесарь тілігі арқылы босанған соң, жүріп-тұруға қиналамын. Үйдегі үлкен балаларға да қазір енем қарайды. Ол кісіге ризамын", - деп ағынан жарылды ол.

Бала көптік етпейді

Нұрсұлтан мен Еркінайдың тұңғыш тұңғыш қыздары 2015 жылы дүниеге келген. Араға екі жыл салып, тағы қыз босанды. 2018 жылы ерлі-зайыпты ұл сүйді. Ал жуырда жас әйел бірден үшем туып, алты баланың анасы атанды.

"Дәрігер үшемге аяғым ауыр екенін айтқанда, мүлде сенген жоқпын. Біртүрлі сезімде болдым. Не жыларымды, не күлерімді білмей, сыртқа шықтым. Іле-шала күйеуіме хабарластым. Ол да "қойшы, өтірік айтып жатырсың" деп сенбеді. Ата-енем болса, бұл жаңалыққа қуанды, әрине. Уақыт өткен сайын, қиыншылықтар көбейді. Үш баланы құрсағыңда тоғыз ай көтеріп жүру оңай емес екен. Біраз қиналдым", - деп еске алды ол.

Еркінай 23 жасында көпбалалы ана атанғанына қуанады. Болашақта дені сау болса, әлі де сәби сүйгісі келеді. Жас келіншек бала асырап алуға да қарсы емес.

"Мен бұрын егер балам болмаса, міндетті түрде асырап аламын деп ойлайтын едім. Алла Тағала сол пейіліме берген шығар.  Бала асырап алу туралы ой әлі де бар. Күйеуім де біледі, қарсы емес, мені қолдайды", - дейді Есенбаева.

"Қай жақтан көмек келер екен деп күтіп отырмын"

Айтуынша, күйеуі Нұрсұлтанның тұрақты жұмысы жоқ. Бір шаңырақтың астында тұратын үш отбасы диқаншылықпен айналысып күн көреді.

"Егін егеміз, жылыжайымыз бар. Жиналған өнімді ауданға, қалаға апарып сатамыз. Нәпақымызды солай тауып отырмыз. Үшем туғалы, ботқа мен памперске көп ақша жұмсалып жатыр. Мемлекеттен әлі жәрдемақы алған жоқпын. Оған құжат жинап, "ЦОН"-ға бару керек қой. Қазір күзгі жиын-терім, жұбайымның қолы бос емес. Мен болсам, ешқайда шыға алмаймын. Осындай да жәрдемақыны алу үшін жеңілдіктер жасалса деп ойлайсың. Тым болмаса, егіз, үшем туғандарға көмек көрсетсе. Әкімдіктен де құттықтап келгендер болмады. Үш баланы бағу маған қиынға соғып жатыр. Үкімет тарапынан сәбилерге күндіз қарайласатын бала күтуші жіберілсе, нұр үстіне нұр болар еді", - дейді Еркінай.

Түркістандық келіншектің арманы да жоқ емес. Айтуынша, бала-шағасы есейген соң, кәсіппен айналысқысы келеді. Арманы – сұлулық салонын ашу.

Жаңалықтар
0