10:39 31 Қазан 2020
Тікелей эфир
  • USD432.64
  • EUR505.02
  • RUB5.47
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1573 0 0

Енді мемлекеттік қызметшілер 5,5 мың теңгеге дейін тұратын сыйлық алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, ал құны одан асып кетсе, қылмыстық жазаға тартылады

НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан – Sputnik. Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Соның аясында мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сала мамандары үшін бірқатар шектеу енгізілді. Құқық қорғаушылардың қызметіне қатысты маңызды жаңалық та бар. Sputnik Қазақстан заңның негізгі мәселелеріне шолу жасайды.

Сыйлық беруге тыйым салынды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, жаңа заң жобасын әзірлеу кезінде Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге қатысы нормасы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстермен сәйкестендірілген. Енді мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға тыйым салынады. Жазасы қатаң. Атап айтқанда, 2 АЕК (5,5 мың теңге) тұратын сыйлық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал осы сомадан асып кетсе, мемлекеттік қызметші қылмыстық жазаға тартылады. 

Оқи отырыңыз: Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге қатысты заңға қол қойды 

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізілген адамдардың отбасы мүшелеріне де материалдық сыйақы мен сыйлықтар алуға, тіпті біреудің қызметін пайдалануға тыйым салынады. Ал сыйлық берген заңды және жеке тұлғалардың әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады", - дейді Бектенов.

Туған-туыс әріптес бола алмайды

Жаңа заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар және оларға теңестірілгендер жақын туысы, жұбайы немесе құда-жекжаты атқаратын қызметке тікелей тәуелді лауазымға тұра алмайды. Сол сияқты туысын, жұбайы мен құда-жекжатын өзіне бағынышты қызметке алуға рұқсат жоқ.

Бұдан бөлек, мемлекеттік лауазымға үміткер азаматтар сол ұйымда жұмыс істейтін жақын туысы, жұбайы немесе жекжаттары туралы өзі жұмыс істегісі келіп отырған ұйымның басшылығына жазбаша түрде хабарлауға міндетті.

Квазимемлекеттік салада бақылау күшейеді

Тоқаев қол қойған заңда квазимемлекеттік секторға қатысты маңызды өзгеріс бар. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа жауапты басшылардың тізімі кеңейіп отыр.  

"Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу және іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады", - дейді Бектенов.

Оның айтуынша, енді осы санаттағы лауазымды тұлғаларға да сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылады. Ал сыбайлас жемқорлыққа тән құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда жауапкершілікке тартылады. Бұрын заң нормалары квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қолданылатын. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс-қызмет жүйесі енгізіледі.

"Комплаенс – батыс елдерден келген ұғым. Ол кез келген ұйымда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізетін, бірінші басшыға тікелей бағынатын құрылымдық бөлімше болып саналады", - дейді Бектенов.

Қылмысқа көндіргені үшін жаза қарастырылған

Жаңа заңның тағы бір маңызды тұсы – жедел іздестіру және сотқа дейінгі тергеу кезінде құқық қорғаушылар тарапынан арандатушылық әрекеттерге жол бермеу. Ол үшін Қылмыстық кодекске "қылмысқа арандату" деген 412-1-бап енгізіліп отыр. Ал онда көрсетілген жаза парақорлыққа ғана емес, кез келген қылмысқа қолданылады.  

Мәселен, жедел іздестіру немесе сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін лауазымды адам қандай да бір қылмысты әшкерелеу, сол үшін жауапқа тарту немесе бопсалау мақсатында біреуді қылмыс жасауға көндірсе, ондай әрекеттер қылмысқа арандату болып саналады.

Осы қылмыс үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Бұдан бөлек, 10 жылға дейін белгілі бір лауазым мен қызметті атқаруға тыйым салынады. Жазаны тағайындау кезінде зорлық-зомбылық көрсету, бопсалау, мүлікті бүлдіру және тағы басқа мәселелер ескеріледі.

Тақырып бойынша

Мемлекеттік қызметшілер туыстарын жұмысқа қабылдай алмайтын болды
Қаскелеңде тұрғындарға дөрекілік танытқан шенеунік жайлы естідім – Жайылғанова
Атырау облысының әкімі орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын
Қазақстанда жемқорлық субъектілеріне жататын лауазымды тұлғалар шеңбері кеңейтілді
Кілт сөздер:
сыбайлас жемқорлық, заң
Загрузка...

Басты тақырып