Қоғам

"Кім не бүлдірді?": Тазабеков өз жобасын тоқтатуды талап еткендерге жауап берді

Жазылу
Мұхамеджан Тазабеков 20 жылдан бері жала жабылып келе жатқанын, сол әрекеті үшін бірнеше адам сотталып кеткенін жазды

АЛМАТЫ, 9 қазан – Sputnik. Айтыскер ақын, "Асыл арнаның" директоры Мұхамеджан Тазабеков бірнеше күннен бері "Тәлім trend" бағдарламасын тоқтатуды талап еткендерге жауап берді. Бұл жайында ол Instagram парақшасында жазды.

Ақын әлеуметтік желідегі парақшасы мен "Тәлім трендтен" кімнің не зиян көріп отырғанын сұрады.

"Кейбір қаракөздеріміз дабыл қағып, "Мұхамеджан сөйлемесін, Тәлім trend тоқтатылсын" деп даурығатындай кім не бүлдірді? Отбасыңмен отырып кино көре алмай, ұл-қызыңа ойлағаныңды бере алмай, инстаграмнан ютубқа, ютубтан тик-токқа түскен заманда, тағылым іздеген қазақтың "Тәлім trend" тыңдағанынан қандай қасірет көріп тұрмыз?!", - деп жазды Тазабеков.

Ол халықтың уайымы болса жеңілдетуге, қуанышы болса көбейтуге үлес қосуға талпынғанын атап өтті.

"Қамыққан қарындастың, көңілсіз келіннің, жабыққан жеңгейдің жанына жылу сыйласам деп желіге жүгіндім", - дейді ақын.

Сондай-ақ, өз жобасының ұлттық арнаның назарына түсіп, жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын айтты.

"Тәлім trend" жобамыз жаңа деңгейде байтақ жұртқа ұсынылмақ екен. Онда тұрған не бар? Діни уағыз, шариғи насихат айтқалы жатқанымыз жоқ. Зайырлы қоғамға дәстүрлі құндылықтарды паш етсек, әлемге кеңінен танымал консерваторлық көзқарас пен либералдық ұстанымдардың ықпалын талқылап, қызық деректерді келтірсек, кімге не зиян?!", - деп қынжылды ол.

Тазабеков 20 жылдан бері өзіне жала жабылып келе жатқаны туралы да жазды. Айтуынша, осы уақытқа дейін сол әрекеті үшін бірнеше адам сотталып та кеткен.

"Өнбейтін дауды өспейтін ел ғана қуалайды, дейді қазақ. "Ойбай, уахаби екен, арабтан ақша алады екен, билікке жағымпаз болғасын жолы ашық екен" деген жала мен долбарды естіп келе жатқаныма жиырма жыл болды. Күдіктілер ұсталып, кінәлілер сотталып, қаншама оқиға тарихқа сіңіп кетті", – деп атап өтті Тазабеков.

Айта кетейік, Qazaqstan ұлттық арнасында Мұхамеджан Тазабеков жүргізетін бағдарлама ашылды. Ол жерде Тазабеков студия қонақтарымен тәлім-тәрбие төңірегінде әңгімелеседі. Бұған дейін бағдарламаға әнші Сәкен Майғазиев, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов секілді ел білетін азаматтар қонақ болған.

Содан кейін әлеуметтік желіде біраз белсенді Мұхамеджан Тазабековтің "Тәлім trend" жобасына қарсы шықты.

Жаңалықтар
0