НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Коронавирус індетінің екінші толқынына байланысты қатаң карантин жарияланатын болса, үкімет жұмыссыз қалған қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсетеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
БАҚ өкілі министрден желтоқсанда қатаң шектеу шаралары енгізілген жағдайда, әлеуметтік төлем төлеуге қаржы қарастырылған ба деп сұрады.
"Бұған дейін менің әріптесім – денсаулық сақтау министрі эпидемиологиялық жағдайға қатысты бірнеше сценарий ұсынғанын білесіздер. Бірақ қазір ол болжамдардың қайсысы болатынын білмейміз. Егер сол сценарийлердің біреуі орын алып жатса, әрине, үкімет тарапынан міндетті түрде экономиканы, бизнесті, халықты қолдау шаралары қабылданады", - деді Нұрымбетов онлайн брифингте.
Ол қолға алынатын шаралар мен қаражат мөлшері туралы айту әзірге ерте деп санайды. Десе де, министр үкіметте ақша табылады деп сендірді.
Оқи отырыңыз: Министр Нұрымбетов депутаттардың зейнет жасын төмендету туралы ұсынысына жауап берді
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус індетінің өршуінің үш сценарийін атаған еді. Егер пессимистік болжам дәл келсе, республикада локдаун желтоқсан айының ортасында, ал реалистік сценарий кезінде қаңтарда енгізіледі.