НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Қазақстанда бір тәулік ішінде коронавирус пен пневмониядан бес адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, қазіргі кезде 3 044 науқас коронавирус инфекциясынан ем-дом алып жатыр. Олардың 74-і – бала.
"Бір тәулік ішінде үш адам коронавирустан қайтыс болса, екі науқас пневмониядан көз жұмды. Стационарларда 1 950 пациент емделіп жатыр. Ал амбулаторияда 1 094 адам ем-дом алуда. 84 науқастың жағдайы ауыр, 13 адам аса ауыр жағдайда жатыр. 11 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған", - дейді министрлік мамандары.
Айта кетсек, кешеден бері республика бойынша пневмонияға шалдығудың 241 жағдайы тіркелген. Ал 107 адамда коронавирус инфекциясы табылды.